ДСМ бала емізетін әйелдерге де вакцина салуды қарастыруы мүмкін
Денсаулық сақтау министрлігі бала емізетін әйелдерге де вакцина салу жағын қарастыруы мүмкін. Жақында Ресей бала емізетін аналарға «Спутник V» екпесін егуге рұқсат етіпті. Бірақ ешқандай клиникалық зерттеу жүргізілмеген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
26.10.2021
Елімізге бұл вакциналау шарасының қажеттілігі қандай болатынын шенеуніктер дөп басып айта алмады. Десе де Қазақстанда вакциналау қарқыны төмендеп кеткен. Үкімет соған қарамастан екінші рет қайта екпе қабылдауға дайындалып жатыр.
Мәжіліс,Сенаттан кейін журналистерге бүгін соңғы болып, Үкімет те қайта есігін айқара ашты. Бірақ отырысқа бума-бума қағаз арқалап келген шенеуніктердің нөпірін байқамадық. Кейбір ақ жағалылар санитарлық талаптарға бағынып, отырысқа онлайн қатысты.
Министрлердің бас кеңсесінде коронавирус енгізген ережелер қатаң сақталыпты. Ғимаратта медициналық бетперде тағып жүру міндетті. Қолға арналған антисептик бұрыш-бұрышта тұр. Әншейінде баспасөз орталығын толтыруға тырысатын үкіметтегілер бұл жолы жартысына ғана адам отырғызды. Үкімет үйіне кіруге вакцина алған тілшілерге ғана рұқсат.
Коронавирусқа қарсы екпені әлі салдыртпай жүргендер елімізде көп екен. Қарқынға ілесе алмай жүрген өңірлер туралы соңғы кезде жиі айтылып жүр. Бүгін тағы сөз болды. Мәмин аймақ басшыларына вакциналауды жылдамдатуды қадап тапсырды.
Асқар Мәмин, ҚР премьер-министрі:
- Қазір барлығы 8,2 миллионнан аса адам бірінші компонентті, 7,4 миллионға жуық адам екінші компонентті алды. Өздеріңіз көріп отырғандай, вакцина егу қарқыны төмендеп отыр. Оны ұлғайту керек. Әсіресе, қалып келе жатқан өңірлерді. Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі вакциналау мәселесін жеке бақылауға алып, оның қажетті деңгейін қамтамасыз етсін.
Эпидахуалды жақсартамын деп шауып жүрген Алексей Цой бүгін журналистер алдында ағынан жарылды. Тіпті ревакциналау кезінде ақылы болатын шетелдік препараттардың болжамды құнын айтты. Қазақстанға енді Hayat Vax жеткізілмейтін сыңайлы. Цойдың сөзінше, «Синофарм» екеуі ұқсас.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вакциналар қымбат болмайды. Бағасы 2 мыңнан 5 мың теңге аралығында сатылуы мүмкін. Біз коммерциялық сегментті қарауымыз керек.
Атқарушы билік қазір жүкті, бала емізетін әйелдер мен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді Pfizer-мен вакциналауға дайындық үстінде. Бірақ америкалық препарат Қазақстанға қашан жеткізілетіні әлі белгісіз. Ал емізулі баласы бар аналарға біздің шенеуніктер «Спутникті» салдыруды міндеттеуі мүмкін. Ресейде еш зерттеусіз салынып жатқан вакцинаға қатысты еліміздің бас дәрігері ештеңе дей алмады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз өндірушіден ресми ақпарат сұратып жатырмыз, кейін алынған мәлімет иммундау жөніндегі комиссияға табысталады. Содан кейін ғана белгілі бір шешім қабылданады. Сондықтан барлық деректі сұрастырамыз. Егер өндіруші нұсқаулықта оның осы санаттағы адамдар үшін қауіпсіз екенін көрсетсе, біз бұл мәселені елде де қарастырамыз.
Көрші елде бүгінде жағдай мәз емес. Күніне 35 мыңдай науқас коронавируспен ауруханаға түсіп жатыр. Мыңдаған адам көз жұмған. Сондықтан шекарадағы бақылау сол күйінше күшейтілген режімде жұмыс істей береді.
Ауғанстанда да ахуал қиын. Ресейден қалғысы жоқ тәліптер ахуалды реттеу үшін бізден қазақстандық препаратты сұрап әлек. Еліміз Ауғанстанға гуманитарлық көмек аясында QazVac-ты жіберуі мүмкін.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Ауғанстан тарапы гуманитарлық көмек аясында қазақстандық QazVac вакцинасын әкелуімізді сұраған. Апарып, не апармайтынымызды Үкімет шешеді.
Ел билігі отандық препараттың өзімізге жететінін алдымен бағамдап алатын сыңайлы. Содан кейін ғана шешім қабылдамақ. QazVac-ты шығаратын зауыт білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!