{metadescription}
SCAT: Керосин тапшылығы әуе қатынасын тұралатуы мүмкін
SCAT: Керосин тапшылығы әуе қатынасын тұралатуы мүмкін

SCAT: Керосин тапшылығы әуе қатынасын тұралатуы мүмкін

Керосин тапшылығы әуе қатынасын тұралатуы мүмкін. SCAT әуе компаниясының басшылығы бүгін осындай мәлімдеме жасады. Әуе тасымалдаушы елімізде авиациялық отын тапшылығын тезірек Үкімет шешпесе, проблема одан сайын көбейеді дейді.  

Компанияның ішкі рейс жасайтын екі күндік қоры қалған. SCAT-қа қызмет ететін әуежайлардың да отыны азайған. Қазір елімізде керосин бағасы да айтарлықтай өскен. Сәйкесінше бұл билет құнына әсер етеді.    

Осыдан бір апта бұрын ғана SCAT әуе компаниясы ұшуды тоқтатудың сәл-ақ алдында тұрған. Кейін проблеманы шешу үшін екі есе қымбат тарифпен отын сатып алады. Оның өзінде аз мөлшерде. Енді сол керосин таусылуға жақын. Әуе компаниясы енді екі күннен кейін ұшуды тоқтатамыз деп көпті қорқытты.

SCAT АҚ баспасөз қызметі:

Авиациялық керосиннің тапшылығы өндіру көлемінің едәуір төмендеуінен болып отыр. Авиатасымалдаушы қажет норманы толық ала алмағаны өз алдына, әуе отынына баға шарықтап кетті. Ұшу кестесінің 100% орындалуын қамтамасыз етуге тырыстық. Алайда отынның қажетті көлемін ала алмай, Қазақстандағы көптеген әуежайда компанияның жанармай қоры сарқылды. Бұл ұшу кестесінің толықтай үздіксіз орындалуын қамтамасыз ете алмайды. Оның үстіне билет құнына әсер етуі мүмкін. Себебі: әуе отыны билет құнының кемінде 40%-ін алады. Яғни жолаушы зардап шегеді.

Негізі әуе отынының тапшылығын алдымен елордалық әуежай сезінді. Керосинді өндірушілер тауарды уақтылы жеткізбепті. Ең жақын дегені 15 қарашада келуі мүмкін. Десе де Назарбаев халықаралық әуежайының мәлімдемесіне сарапшылар аң-таң. Айтуларынша бұл проблеманың туындауына елорда әуежайының өзі кінәлі. Өйткені керосинді транзиттік рейстерге алып сатады. Ал Қазақстан керосинмен ішкі нарықты толық қамтып отыр.

Ерлан Жаукин, сарапшы:

- Менеджмент жолға қойылмаған. Уақытында отын қорын қалыптастырмаған. «Сау басына сақина тіледі» деген осы шығар?! Арзан өнімнің белгілі бір көлемі, 30 пайыздайын Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы алды. Ал қалған қажеттілікті олар бос тұрған нарықтан, мәселен, мұнай өңдеу зауыттарынан немесе Ресейден импорттау керек еді.

SCAT әуе компаниясы мәлімдемесінде Ақтау, Ақтөбе әуежайларындағы жағдай да айтылған. Ақтаулық әуе тасымалдауды бақылайтындарда отын қоры әзірге жеткілікті. Бірақ онда SCAT-тың үлесі жоқ. Себебі, компания өзіне би, өзіне қожа. Тіпті Ақтау әуежайының бұған дейінгі отын тасымалына қатысты өтініштеріне құлақ аспапты.

Меруерт Жолдыбаева, «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ бас директорының міндетін атқарушы:

Ақтау әуежайының SCAT-тан басқа әуекомпанияларының алдында өз міндеттемесі бар. Мысалы, өзбектің немесе түріктің чартерлік рейстерін отынмен қамту жоспары жыл соңына жасалған, бекітілген. Енді SCAT-қа келер болсақ, олар бізден отын сұрай алады. Алайда оларға қандай көлемде отын керегін біз талқылаған жоқпыз. SCAT бұған дейінгі авиациялық отынның тасымалы туралы жасаған біздің өтінішімізге құлақ аспады.

Барлық әуе компаниясы мен әуежайлардың тығырыққа тірелгені энергетика министрлігі үшін жаттанды. Әуе тасымалымен айналысатындар тапшылықты өзі жасап отыр екен. Салалық орган бұлар сылтауратып отырған Павлодар зауыты туралы ескерттік дейді.

Талғат Құрманбаев, ҚР Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

Министрлік бүкіл авиакомпания, бүкіл әуежайларға Павлодар мұнай өңдеу зауытының күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтайтындығын ескерткен болатын. Мұнай өңдеу зауыттары қазан айында қосымша  2000 тонна авиакеросин шығаратын болады. Оның ішінен Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына бір бөлек көлем бөлінетін болады. Басқа бір өндіруші Нұр-Сұлтан қаласына 700 тонна бөледі.  

Үкімет отандық әуе компанияларды авиакеросинсіз қалдырмайтын болды. Министрліктің мәліметінше, елорда әуежайында 3 мың тоннадан асатын авиакеросин бар. Жақын күндері 4 мың тонна жеткізу жоспарланып отыр. Air Astana әуе компаниясында 7,4 мың тонна, SCAT әуе компаниясында 1,7 мың тонна отын қалған. 1,5 мың тоннаға келісімшарт жасалыпты.

SCAT әуекомпаниясы әуе отынының азайғаны билет құнына әсер ететін тілге тиек етті. Расымен де керосин қымбаттаса, жолаушылардың қалтасы қағылатыны сөзсіз. Оны әрбір азамат билет алғанда жағармай үшін алым деген тұстан байқаса болады дейді мамандар. Ал ұшақ билеті бағасының өсуі мүмкін екенін энергетика министрлігі растамады. Оған негіз жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде