{metadescription}
Түркістан облысында сусыз, жарықсыз, жолсыз – өркениеттен жұрдай ауыл бар
Түркістан облысында сусыз, жарықсыз, жолсыз – өркениеттен жұрдай ауыл бар

Түркістан облысында сусыз, жарықсыз, жолсыз – өркениеттен жұрдай ауыл бар

Түркістан облысындағы бүтін бір ауыл өркениеттен құр қалған. Жүз шақты отбасы тұратын елдімекенді жергілікті билік «14 гектар» деп атап кеткен. Аты да, заты да қызық ауылда су, жарық, не жол жоқ.

Инфрақұрылымды осыдан бес жыл бұрын жүргізіп береміз деп уәде еткен шенеуніктер, енді «ұнамаса, көшіп кетіңдер» деп ашық айта бастапты. Дамымай қалған ауылдың тұрғындарымен КТК тілшісі тілдесіп келді.

Сайрам ауданындағы Әйтеке би ауылына жаңа құрылыс сегіз жыл бұрын жүргізіле бастаған. Қазір 140-қа жуық отбасы бар әжептеуір ауылға айналды. Бірақ жергілікті билік мұндағы тұрғындардың бар-жоғынан бейхабар сияқты. Себебі, іргедегі ауылдардың бәрінде бар инфрақұрылымның мұнда бірде-  біреуі жоқ. Жұрт жарықты тас жол бойындағы бағаналардан тартып алған. Ауыл ішінде бағана болмаған соң, электр желілері өрмекшінің торындай жерде жатыр. Ал ауыл әкімі электр бағанасын өз ақшаларыңа орнатып алыңдар деп кесіп айтқан.

- Сендерді біз неғылмаймыз, өздерің сатып алып, өздерің қойыңдар деді.

- Бағананы. Бағасы, біреуі 50 мыңнан деді. Оны қалтамыз көтермейді ғой.

Жарығы жоқ жұрт тіршілік нәрінен де таршылық көріп отыр. Әр аулада резервуар, бөшкелер қойылған. Су таситын көлік құтыларды толтырып кетеді. Онысы удай қымбат.

Келеді, келген кезде таза емес. Мынандайға құйып аламыз. Бүйтіп қарасақ, ішінде адамнан басқаның бәрі бар. Оның тоннасын төрт мыңға сатып аламыз. Ол үш-ақ күнге жетеді. Іші сасиды.  

Ал ауыл ішінде жол деген атымен жоқ. Ыстықта шаңы шығып жатқан соқпақтар жаңбыр тисе ми батпаққа айналады. Сондықтан жергілікті билік өзі «14 гектар» деп атап кеткен ауылға такси түгілі, жедел жәрдем де келмейді екен. «Әсіресе мектепке барып келетін оқушыларға обал» - дейді тұрғындар.

Айнұр Тоққұлова, Сайрам ауданының тұрғыны:

- Жол деген ми батпақ, жаңбырда бала-шаға сабаққа бара алмайды. Жарты жолдан құлап, батпаққа батып, қайтып үйге келетін уақыты болады. Сондай өмір бізде. Жедел жәрдем тас жол бойында қалып кетеді, сөйтіп өздері жаяу келеді, алдынан күтіп аламыз.

Жұрт шағымын айтқан соң, ауыл әкімінен бастап аудан шенеуніктеріне дейін жетіп келді. Бірақ тұрғындар мен шенеуніктердің әңгімесі мүлдем жараспады. Жиылған топқа жақындай бере, ашынған әйелдердің бірі білдей шенеунікті сүйрете жөнелді.

- Неғып айқайламаймын?! Жүр, ана құдықтан су іш, су іш деймін мен саған! Құрылыс сен ғой, енді жүр, су ішіп көр. Кешкісін бар, бала-шағаңың киімі үтіктелмеген. Албастыдай боп мектепке барады. Келмегенде, сіз өткенде болмаса, «көшіп кет» деп айтып кеткен.  

Құрылыс бөлімі басшысына өздері ішетін суды жұтқыза алмаған жұрт  аудан әкімінің орынбасарына қоярда-қоймай ішкізді. Тұрғындардың екпінінен шошынған басшы, тіпті топ арасынан сытылып қашты. Бірақ қуып жеткен әйелдер су, жарық пен газдың қашан жүргізілетінін айтуды талап етіп, қайта ортаға әкелді. Сөйтсе тұрғындар жылдап тұрып жатқан жер жекеменшікте  екен. Ал тұрғындарға құжат беріп қойған билік енді сол жерді қайтара алмай әлек боп жүргенін айтады.

Шухрат Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

- Біз оны мемлекетке қайтарамыз, мемлекет мұқтажы үшін қайтарамыз.

Қашан?

- Биыл жаңа жылға дейін қайтарып бітіріп, жобаны дайындап, келесі жылдың бюджетіне ұсынамыз.

«Осы уақытқа дейін не істелді?» деген сұраққа жауап бере алмаған шенеуніктер бір-бірімен ұрсысып жайына кетті. Ал кеш қарауыта балауыздың жарығындай электрмен отыруға үйренген жұрт жергілікті шенеуніктерден күдерін үзіп, электр бағаналарын орнатуға өздері-ақ ақша жинаймыз деп тарқасты. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде