Пенжім: "Балам толық жазылмайынша, кешірім бермеймін!"
"Балам толық жазылмайынша, кешірім бермеймін!" Пенжім мектебіндегі төбелестен соң ауруханаға түскен жасөспірімнің анасы осындай мәлімдеме жасады. Дегенмен ұлын ұрған баланың ата-анасына тағар кінәсі жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
29.10.2021
Бүгін жансақтау бөлімінде жатқан 16 жастағы жеткіншектің жағдайы оңалып, жалпы палатаға ауыстырылды. Ал арнайы құрылған штаб ауылда түсіндіру жұмысына қызу кіріскен.
Күлшаш Серікбаева екі күннен бері ауруханың алдын торып жүр. Ұлы Нұрболдың басына ота жасалғанда өзін қоярға жер таппады. Бес баланың кенжесі мұндай төбелестерге осыған дейін қатысы болмаған дейді анасы. Ал оны осындай күйге түскенше, тепкілегендерді кешіруге әзір дайын емес.
Күлшаш Серікбаева, жәбірленушінің анасы:
- Мұндай төбелеске қатысып көрген емес. Осыған қалай кіріп кеткен көпшіліктің арасына. Екі жақ бір-бірімен татуластық. Келіп жатыр олар. Оларға өкпем жоқ. Бірақ балам аяғынан тік тұрып, қалпына келгенше мен ешкімге кешірім бермеймін. Балам аяғынан тұрсын. Одан кейінгі емі қалай болады? Соны көремін. Басына ота жасалып отыр. Басына пластмасс салынып жатқан бала. Сол үшін.
10-сынып оқушысы Нұрболдың беті бүгін бері қарады. Ақ халаттылар соққыдан ұйып қалған қанды басын тіліп шығарған. Жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылуы жақындарының көңіліне медеу болды. Дәрігерлер жағдайы қалыпты, жазылуға бет бұрды дейді.
Ерболат Бегембеков, Панфилов ауданы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары:
- Бүгін жалпы тексеріс болып, жағдайының бір қалыпқа келгенін ескердік. Жарақатты емдейтін бөлімге ауыстырылды. Жағдайы бір қалыпты. Есін анық біледі. Тамақты өзі ішіп жатыр. Әңгімелесіп жатыр. Жалпы мұндай науқас кемінде екі апта жату керек. Қанша дегенмен ота болды. Миы шайқалды, соғылу белгілері бар. Сондан кейін үйіне шығарылады. Үйіне шыққан соң қалпына келтіру емі еезең-кезеңімен болады.
Пенжімдегі оқушылар төбелесінен соң кеше құрылған штабтың жұмысы бүгін жанданды. Ауылдағы мыңнан астам бала оқитын жалғыз мектепте түсіндіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Мұғалімдер тәртіпке қатысты әңгімені сабақтан тыс уақытта да жүргізеді.
Нәзира Қалыбаева, А.Розыбакиев атындағы мектеп директорының орынбасары:
- Қазір мектеп оқушылары қалыпты жағдайда сабақ оқып жатыр. Сынып жетекшілері мектеп психологымен бірлесіп әр сыныпта түсініктеме жұмысын еезең-кезеңімен жүргізеді. Сабақтан тыс уақытта кесте құрылған. Кестемен оқушылар шақырылып, қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір оқушылар арасында ондай кикілжің жоқ. Барлығы бір-бірінен кешірім сұрады. Балалардың қарым-қатынасы қазір жақсы.
Екі күн бұрын оқушылар арасындағы төбелестен соң, жаппай текетірес ауыл жастары арасында жалғасқан болатын. Сынған терезе, бүлінген көліктер бар. Осы оқиғаға қатысы барлардың бәрі қазір іздестіріліп жатыр. Тергеу амалдары басталып кеткен. Ал ауылдағы тәртіпті полиция бақылауда әлі ұстап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары