АҚШ-та тіл үйреніп, ақша табамыз деп алданып қалған – Hasta La Viza
Табыс та, таным да жоқ. Америкада тіл үйреніп, ақша табамыз деген 100-ден астам отандасымыз сан соғып қалды. Оқуды соңғы бір-екі жылда ғана бітірген кілең жастар «Хастала Виза» компаниясына 2 мың доллардан санап берген.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
01.11.2021
Ал агенттік өз кезегінде оларға виза, медициналық сақтандыру жасап, АҚШ университетіне түсіруге тиіс болған.
Алайда елдегі танымал вайнерлер мен спортшылар жарнамалаған компания өткен айдан бері кеңселерін жауып хабарсыз кеткен. Амалы таусылған жастар полицияға бірігіп шағым түсірді. Алданғандардың талап-арызын КТК тілшісі тыңдап қайтты.
«Америкаға арман қуып барамын» деген Ермұрат Hasta La Viza компаниясына соңғы тиынын санап берген. Алайда мұхиттың арғы бетінде тіл үйреніп, табыс табамын деген жігіттің жоспары жүзеге аспады.
Ермұрат Ермек, Алматы қаласының тұрғыны:
- 2 мың доллар төлем жасадық. Сәуір айында келісімшартқа қол қойдық. Бағдарлама бойынша бізді сол жақта күтіп алады. Жұмыс жағын реттейді. Медициналық сақтандыру, көліктің куәлігін ағылшынға аударып береміз деді. Тіл курсын оқу керекпіз. Қыркүйектің ортасынан бастап жоқ. Не жауап жоқ. Не құжат жоқ.
Ермұрат сынды ақшасын қайтара алмай сергелдеңге түскен жастардың саны 100-ден асып жығылады. Сан соғып қалғандардың көбісі елдегі танымал вайнерлер мен спортшылардың жарнамасы осы агенттікті таңдауымызға түрткі болды дейді.
Альмира Саргулова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Инстаграмнан көрдім. Блогерлерден көрдім. Біржан Әшімнен, Ратбектен көрдім. Стористен жарнамалаған. Мысалға, Біржан Әшімге осылар виза жасап берген. Консулға банктен шот жасап береміз деді. Бірақ ол жалған болып шықты. Біз оны қыркүйекте бір-ақ білдік. Сол жерде ағылшын тілін көтеріп, ақша жинап, жұмыс істеу деген ойымда болды.
Жарнамасы жер жарған Hasta La Viza инстаграмда соңғы рет қыркүйек айында пост жариялапты. Ал оған дейін парақшаны жандандыру арқылы көпшіліктің қызығуын тудыруға тырысқан. Америкадағы ғажап өмір мен компаниядан виза алғандарды көрсету арқылы клиент жинаған. Алайда сеніміне селкеу түскен жастардың ұжыммен бірген арызынан кейін агенттіктің есігіне қара құлып салынып, қылмыстық іс қозғалды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Аталмыш дерекпен ҚК 190-бабына сәйкес қылмыстық іс жүргізілуде. Қылмыстық іс аясында 40 азамат өз арызын ресми түрде тіркеген. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталып, олар уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазір тергеу амалы жалғасып жатыр.
Күмәнді компанияға алдандым деген адамдар күн санап көбейіп барады. Олардың барлығы стундеттік өмірмен қош айтысып, оқуды соңғы бір-екі жылда ғана бітірген кілең жастар. Агенттіктің «ертегісіне» сеніп опық жегендер кінәлілер тиісті жазасын арқалап, өзгелерге сабақ болсын деп отыр. Америкада өмір сүруді аңсағандардың ендігі қалауы ақшасын толық қайтарып алу.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!