Қызылқоғада атыс: Бір адам өліп, үшеуі ауруханада жатыр
Атырау облысындағы Сағыз ауылын полиция күндіз-түні күзетіп жүр. Өйткені Қызылқоға ауданында атыс болып, бір адам ажал құшқан. Оққа ұшқан тағы үш науқас облыстық ауруханада жатыр. Бытыра біреуінің басына тиіпті. Алайда дәрігерлер ота жасауға асығар емес. Өйткені мидың өзге де бөлігін зақымдап аламыз деп қорқады.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
01.11.2021
Еркін Ербөлеков, Атырау облысы ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Қазанның 30-нан 31-не қараған түні авиация қызметімен үш науқас жеткізілген. Науқастардың екеуінің де басы жарылған. Миы шайқалған. Бір науқастың қосымша сол көзінде ауыр жарақат бар. Қазір науқастардың емделуі мерзімі немесе болашақтағы болжамын айту өте қиын.
Өткен сенбіде кешкі сағат жеті шамасында Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында атыс болды. Жанжалдасқан жігіттер бір-біріне қару кезенуге дейін барған. Ауылдастар арасындағы атыс кезінде бес адам зардап шегіп, біреуі оқиға орнында мерт болды. Ал полиция департаменті Қызылқоғадағы қырғынның жай-жапсарын ашып айтпай отыр.
Мейірім Ердәулет, Атырау облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Қазір оқиға орнында, яғни Қызылқоға ауданында департаменттің жедел тергеу тобы жұмыс істеуде. Сағыз ауылындағы тұрақтылықты және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында патрульдеу 24 сағат бойы, тәулік бойы сол аймақта жеке құрам жұмылдырылып, күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!