{metadescription}
Түлкібастың тұмса табиғаты экологиялық апаттың алдында тұр
Түлкібастың тұмса табиғаты экологиялық апаттың алдында тұр

Түлкібастың тұмса табиғаты экологиялық апаттың алдында тұр

Түркістан облысындағы демалыс аймағы экологиялық апаттың алдында тұр. Түлкібас ауданындағы табиғаты тамаша жерге осыдан алты жыл бұрын құм-тас карьерін ашқан кәсіпкер енді цемент зауытын салып жатыр.

Онсыз да карьердің кесірінен суы тартылып, шаңына тұншықтық деген жұрт, енді цементтің шаңына уланамыз дегбірі қашып отыр. Осыны айтып он шақты ауыл тұрғындары түрлі құзырлы орындарға шағымданыпты. Алайда шенеуніктер бай компанияның мүддесін дүйім елден жоғары қояды дейді жиналғандар.

Табиғаты тұмса Түлкібастың бұл тұсын «Қазақстанның Швейцариясы» атайды. Тіпті қырдың аржағы, таудың бөктерінде ерекше қорғалуы тиіс Ақсу-Жабағылы қорығы бар. Ал бер жағында жеке кәсіпкердің тас алатын карьері орналасқан. Енді ол аздай, алапат аумаққа цемент зауыты салынбақшы. Соның салдарынан бірер жыл бұрынғы керемет табиғаттан қалғаны сүреңсіз көрініс қана.

Кезіндегі әдемі қырлар мен жоталар үгітіліп, жерді арлы берлі тырнаған техника тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Мұнда былтыр химиялық заттар шығаратын зауыт салмақшы болған екен. Бірақ, жақын маңдағы ауылдар өре түрегелген соң тоқтатқан екен. Енді оның орнына цемент зауыты салынады деген қауесет тараған. Бұл тұмса табиғатты талқандап, тұрғындардың денсаулығына кесірін тигізеді дейді ауыл халқы.

Болатбек Құрманов, Түлкібас ауданының тұрғыны:

- Қарсымыз! Өйткені бұл жерде тұратын – біз, қалатын – біз, біздің бала-шаға. Ертең біздің балашағамыз мүгедек болса, көзі соқыр, шала туған  қабілетсіз болмасына кепіл бар ма? Кім кепіл? Сейітжанов мырза кепіл бола ма? Бермейді. Зауыт қазір Тассайда тұр. Тассайдың айналасындағылардың бәрі көшіп жатыр. Үйін ешкім алмайды. Өспейді, құр тастан басқа ештеңе жоқ. Енді келіп басқа жер құрып қалғандай, кішкентай табиғатымызды талқандап жатыр!

 Салынып жатқан зауыт іргесіндегі тас алатын карьердегі жарылыс. Күнара болатын гүрсілден жақын маңдағы он шақты ауылды шаң басып, жер асты сулары да тартылып жатыр екен. Мәселен, бірер жыл бұрын үш метрден шығатын су қазір 25 метрге дейін тереңдеп кеткен. Ал арыз айтқан елге шенеуніктер: «Шуламаңдар, кәсіпкер жағдайларыңды жасайды» деп сабырға шақырады екен.

Әбдіғали Байсариев, Түлкібас ауданының тұрғыны:

- Ауылға бізге спорт кешенін салып береміз, ауылдарыңызға жарық жасап береміз, асфальт төсетіп береміз дейді. Денсаулығымыз болмаса, бізге спорт кешенінің не керегі бар? Жайылымның бәрі өзіміз егіс егетін, малмен, егіспен күн көріп отыр. Бұлар соның үстіне барып химия заттарын сеуіп отыр.

Ашуға булыққан жұрт зауыт құрылысында жүрген техниканы тоқтатып тастады. «Зауыт түгілі зиянды зат шығаратын цех қондырмаймыз» деген жұрт кәсіпкердің кеңсесіне дейін барған. Бірақ күзетшілері шығып, «басшының халықпен кездесуге уақыты жоқ» деп қысқа қайырыпты.

Хабарластық. Директор біз жиналыстамыз, жоқ, келмейміз» деді. Осы жердің директоры. Аты Қуаныш.

Есесіне 100-ге тарта жігітті сабырға шақыруға аудан әкімінің орынбасары келген. Ол да қанша шақырғанымен кәсіпкер келген жоқ. Ал шенеунік болса экологиялық департаменттің тексергенін айтады. Бірақ қандай қорытынды бергені есінде жоқ.  Десе де егер ел түгел қарсы болса, онда зауытты тоқтатуға болады дейді.

Бауыржан Ахметов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:

Халықтың атынан қазір Қазбетонның қазу жұмыстарын жүргізу бойынша арыз түсіріп жатырмыз. Осы арыз бойынша біз өзі белгілі мекемелерге жолдаймыз. Солардың жауабын алып, елдің алдында сол кісілерге жауап бергізетін боламыз. Тоқтатуға әрекет жасаймыз. Егер халық қарсы болса, бұл жоба жабылады.

Ал арызын арқалап табалдырық тоздырған тұрғындар шенеуніктің сөзіне бұл жолы да сенді. Тіпті тағы да шағым жазып, жиналғандар түгел қол қойып берді. Енді осыдан кейін зауыт құрылысы тоқтап, құм-тас карьері жабылмаса, Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолын жауып тастаймыз деп тарқасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.