Алматыда екі қабатты ескі үй түгі қалмай жанып кетті
Алматыда екі қабатты ескі үй отқа оранды. Өрт сөндірушілер жеткенше қабырғасы қамыстан қаланған баспананың 180 шаршы метрі түгі қалмай жанып кетті.
Автор: Салтанат Шырынхан
03.11.2021
Қазір төтеншеліктер электр сымы мен газ жүйесінен баяғыда ажыратылған пәтерден қызыл жалынның қайдан тұтанғанын анықтап жатыр.
Өрт түнгі сағат 12 шамасында басталған. Тілсіз жаудың күшті болғаны соншалық, жалынның биіктігі 10 метрге дейін жетіпті. Отты ауыздықтауға 6 техника мен 26 жеке құрам жұмылдырылған. Абырой болғанда үй ішінен зардап шеккендер мен қаза тапқандар табылмады. Өйткені пәтер әлдеқашан сүрілуге беріліп, үй иелерінің көшіп кеткеніне біраз уақыт болыпты. Төтеншеліктер өрттің тұтануына адами фактор себеп болуы мүмкін дейді. Ал жақын маңда тұратындар соңғы уақытта бос тұрған баспана қаңғыбастардың мекеніне айналғанын айтады.
Еркебұлан Қасенов, Алматы қаласы Бостандық ауданы ТЖБ басшысы:
- 2-қараша күні Бостандық ауданы Радостовца көшесінде екі қабатты бұрынғы жеке тұрғын үй өртенді. Өрттің тез жану себебі, үйдің қабырғалары каркас, қамыс қаңқалы болып салынған. Өрттің нақты себебі әлі анықталған жоқ. Көршілердің айтуынша, үйі жоқ азаматтардың жүруі көп орын алған дейді. Сол себептен біреудің от жағуы да мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!