Қазақстанда бұрын болмаған жаңа ипотекалық бағдарлама енгізілуі мүмкін
Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа ипотекалық бағдарлама енгізілуі мүмкін. Соның арқасында болашағы бұлыңғыр моноқалалардан дамушы қалашыққа қоныс аударғандардың баспана базынасы шешілмек.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
04.11.2021
Бұл туралы бүгін Тоқаев Екібастұзда өткен моноқалаларды дамытуға арналған жиында сөз етті.
Соңғы кездері жайлы өмір іздеп мұндай шағын қалалардан көшкендердің қарасы қалың. Бұл бағдарлама халықты ынталандырады деген президент Үкімет пен әкімдерге 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалаларды дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы азық-түлік бағасын, ауыл шаруашылығына бөлінген қаржыны жымқырған жемқорларды да бұл жиында сөз етті.
Бүгінгі жұмыс күнін Ақорда емес, басқа орында бастауды шешкен Тоқаев 300-дей шақырым жолды артқа тастап тікұшақпен Екібастұзға барды. Мақсат – моноқалаларды дамыту мәселелеріне мән беру. 22 жылда Қазақстанның моноқалаларындағы халық екі есе азайып кеткен. Әсіресе жастардың үдере көшуі адам шошытады.
Қалалар азып-тозған, инженерлік-инфрақұрылымдық желілер көне, жолдары ойдым-ойдым. Жағдай жасалмаған, жұмыс жоқ. Қалашықтардан адам көшсе де, жергілікті әкім-қаралар әлеуметтік нысандар мен коммуналдық желілерді сақтауға сол күйінше ақша бөлуді қоймапты. Мұны тілге тиек еткен Тоқаев шағын қалашықтардан қоныс аударғандарға жеңілдетілген ипотека бағдарламасы іске қосуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- «Отбасы банкте» мұндай азаматтар үшін жеңілдетілген ипотека бағдарламасын қарастырған жөн. Бастапқы жарна 10%, сыйақы мөлшерлемесі 2-ден 5 пайызға дейін. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп аталған бастаманы жан-жақты пысықтауы қажет. Бұл азаматтарды болашағы бар, дамыған, мамандарға мұқтаж қалаларға өз еркімен қоныс аударуға ынталандырады. Өнеркәсіптік моноқалалар тұрғындарының көбі білікті, сұранысқа ие жұмысшы және инженерлік мамандықтарда тәжірибесі бар екенін жақсы білеміз.
Қазақстанда 89 қала бар. Соның 27-сі – моноқала. Онда 1 миллион 400 мың адам тұрады. Бұл халқымыздың 8 пайызы. Қазір қалашықтар экономикаға едәуір үлес қосып отыр. Өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығы осы моноқалаларда өндіріледі. Жиын өткен Екібастұз қаласы да сол тізімде. Енді министрлер кабинеті мен өңірдегі әкімдерге қалашықтардың даму әлеуетін деңгей-деңгейімен сараптап көрмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстандағы әр 27 моноқаланың дамуы әртүрлі. Тұрақты экономикалық өсімі байқалатын немесе, керісінше, дамуы тұралап қалған қалашықтар бар. Кейбірі нарыққа бейімделген, өз экономикасын әртараптандырған. Басқа да салаларды дамытып жаңа жұмыс орындарын ашу аса өзекті мәселе. Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ. Үкімет пен әкімдер аумақтық даму жоспары мен өңірлерді дамыту жоспарын ескеруі тиіс. Жұмысты 2022 жылдың 1-наурызына дейін аяқтау керек.
Келелі кеңесте Қасым-Жомарт Кемелұлы азық-түлік бағасына тоқталды. Қыркүйекте жасаған Жолдауында Үкімет пен ұлттық банкке инфляцияны 4-6 процент аралығында ұстап тұруды тапсырған Тоқаев бүгін ол сөзінен айнып қалғандай. Қаржы нарығындағылар енді инфляцияны 8,5 пайыз шегінде ұстауы тиіс. Азық-түліктің құны аспандап тұр, ал оған жауапты ауыл шаруашылығындағылар субсидияны жеп қойған. Бұған президент ашулы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Кейінгі бес жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесі не болды? Бюджет қаражаты жан-жаққа шашылады, олардың жұмсалуына бірыңғай бақылау жоқ. Экономикалық маңызы жағынан да нәтиже жоқ.
Бұған дейін бірінші қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша арнайы операция жүргізілгенін мәлімдеді. Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарында тінту мен қамауға алу жүргізіліп жатыр. Осы іске қатысты 30-ға жуық адам ұсталды.
Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға прокуратурамен және басқа да органдармен бірге осы салаға кешенді талдау жүргізуді тапсырған. Бұған қоғам мен фермерлер де тартылады.
Тоқаевтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық биліктің барлық деңгейі үшін «зиянды». «Биліктің төменгі және орта буындарындағы, жергілікті жерлердегі сыбайлас жемқорлықтың зияны биік кабинеттердегі жемқорлықтан кем емес», - деді жиынды қорытқан президент.
Г.Қ
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!