Көкшетау; Пәтерде сұмдық көрініске куә болған
Пәтерге кіріп келген көршілері алғаш осындай көрініске куә болған. Өріп жүрген мысықтарды айтпағанда, үйілген қапшық-қапшық қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Көз аштырмайтын нәжістің сасық иісіне қарамастан пәтер иесі ас бөлмеде тамақ ішіп отыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
05.11.2021
Демалатын бөлме ғана емес, қуыс қуыстың бәрі лық толып тұр. Дәретхана жұмыс істемегелі бірталай уақыт болған сияқты. Жуынатын бөлмесі де қалдыққа аузы мұрнынан шыға толып тұр. Енді осының бәрін көршілері жиіркеніп жүріп тазалауға мәжбүр.
Марина Сейпеева, көршісі:
- Әйтеуір, есігін ашуға қол жеткіздік. Сұмдық қой мынау. Не жоқ десеңізші. 20 шақты мысық ұстайды. Құзырлы орындарға талай рет хабарлап айттық. Көпқабатты үйде басқа да адамдар бар ғой. Тарақан,тышқан қаптап кетті. Мысықтары әр жерге сарып, есімізді шығарды ғой. Бұл кісі жалғыз тұра алмайды. Арнайы мекемеге орналастыру керек.
Қоқыс басқан пәтерде 72 жастағы қария тұрады. Любовь Корнееваның жалғыз ұлы анасына қарайласпайды екен. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ананың ақыл-есінде кінәрат та бар секілді.
Любовь Корнеева, пәтер иесі:
- Олар келді де, тонап жатыр мені. Дүниемді ұрлап жатыр. Прокуратураға шағым түсірем,сотқа берем. Қандай қоқыс, бәрі менің қағаздарым ғой. Шамам келгенде жинап, еденді жуамын. Жалғыз ұлымның қайда жүргенін білмеймін, баяғыда кеткен. Келмейді, көмектеспейді.
Электр жарығы мен судан ажыратылғалы бірнеше жыл болған пәтерде қария дәретке шелекке отырып, 5 ші қабаттың терезесінен төгеді екен. Сондықтан үйдің іші ғана емес, сыртындағы сасық иіс те қолқаны жарады. Ал көршілері соның кесірінен не қонақ шақыра алмай, не пәтерлерін сата алмай жүргеніміз,-дейді.
Есіктен де,терезеден де шығарылған қоқыс тау төбе. Пәтерінде тіпті, мысық пен тышқанның өлексесі де жатыр. Жалғызбасты кейуананың бұдан арғы тағдыры қалай болары белгісіз. Себебі әлеуметтік қызметкерлер оған еш көмек бере алмаймыз дейді.
Ксения Кузнецова, Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі:
- Көршілерінің шақыруымен біздің қызметкерлер барды. Есігі жабық, ауруханаға алып кетіпті. Ол кісіні арнайы мекемеге орналастыра алмаймыз. Өйткені, еңбекке жарамды ұлы бар. Жалғызбасты болып саналмайды. Баласы тек жеке меншік қарттар үйіне орналастыра алады.
Коммуналдық шаруашылықтан жіберілген көлік пәтерден шығарылған қоқысты тиеп әкетті. Бірақ,мұнымен мәселе шешілмейтін сияқты. Себебі «Плюшкин синдромына» шалдыққан кейуана баспанасын қоқысқа қайта толтырып тасауы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!