Өткен тәулікте елде 1421 адамнан коронавирус анықталды
Өткен тәулікте елде 1421 адамнан коронавирус анықталды. 23 адам осы кеселден көз жұмған. Әсіресе «қызыл» аймақта тұрған облыстарда жағдай нашар. Жансақтау бөлімдері толып, өлім-жітім азаймай тұр.
Автор: Айман Нұрмағанбет
05.11.2021
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында күніне 150 адам ауру жұқтыруда. Эпидемиялогиялық жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан кей тұрғындар әлі де вакцина алуға асығар емес дейді мамандар. Қазір көп өңір екпе салдыруды 70 пайызға ғана орындап отыр. Ал Маңғыстау облысы вакцинациялау бойынша әлі де соңғы орында тұр.
Солтүстік Қазақстан облысы бір айдан бері қызыл аймақта тұр. Ауырғандар саны күннен-күнге өсіп жатыр. Соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар 6 пайызға артқан. Күніне 150 адам ауру жұқтыруда. Жергілікті билік қатаңдатылған карантиндік шаралар енгізуге асықпайтын сыңайлы. Инфекциялық стационарлар 40 пайызға, жансақтау бөлімі 42 пайызға толған. Қызылжарлықтар сонда да вакцина алуға ниетті емес. Қазір өңірдегі 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге «Пфайзер» вакцинасын салуға қызу дайындық жүріп жатыр.
Арман Күшбасов, СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Қазір 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге вакцина салуға дайындалып жатырмыз. Барлығы ерікті түрде жүреді. Яғни вакцина салдыруға ата-анасы рұқсат бергендерге ғана салынады. Содан соң, 15,14,13,12 жастағыларға салу жоспарда тұр. Міндетті түрде ата-анасының рұқсат қағазы болу керек.
Қызыл» деңгейде тұрған Ақмола облысында да ахуал тұрақталар емес. Бұған тұмаудың өршуі себеп болып отыр дейді мамандар. Мәселен, соңғы тәулікте дәрігерге тұмауратып қалдық деп тексерілуге келген 109 адамның 107-сі коронавирус болып шықты. «Ашық» қосымшасымен жұмыс істей бастаған мекемелерді 207 мобильдік топ қадағалауға алғанмен карантиндік тәртіпті бұзатындар азаяр емес. Салтанатты жиын- тойларда адам саны белгіленген межеден бірнеше есе асып кететін болған. Өткен аптаның өзінде 11 әкімшілік хаттама толтырылған. Вакцина да қарқынды жүргізілгенмен облыс тұрғындары екпені толық алып болған жоқ.
Серік Омарханов, Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Вакцинациялау үзіліссіз жүріп жатыр. Тұрғындардың 62 пайызы 1-ші, 57 пайызы 2-ші компонентті алып үлгерді. Екпеден бас тартып жатқандар да бар. Оларға түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Вакцина аламыз десе кез келген уақытта жұмыстан кейін де, демалыс күні де арнайы пункттер жұмыс істейді.
Ал жасыл аймақта тұрған Маңғыстау облысында эпиджағдай тұрақталып келеді. Өткен апта 17 стационардың 10-ы жабылған болатын. Ауырғандар саны күннен-күнге азаюда. Санитар дәрігерлер сонда да босаңсуға болмайтынын айтып екпе алмағандарға ескерту жасады. Мұнайлы аймақта қазір вакцина салдыруға түсіндірме жұмыстары қызу жүріп жатыр. Себебі, өңір екпе егуден әлі де соңғы орында тұр. Жалпы екпенің бірінші және екінші компонентін 318 387 адам алған. Емханаға баруға мүмкіндігі жоқтарға көшпелі бригадалар вакцинаны үйіне барып салуда. Осы уақытқа дейін үй жағдайында 2631 адам екпе алған.
Асқар Сағымбаев, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары
- 54 жүрмелі бригадалармен үйден, аэропорт, теміржол вокзалдары, ірі сауда орындары мен базарлардан вакцина салдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр яғни, созылмалы ауруы бар адамдар, зейнеткерлер, мүгедектер, үйде вакцина алғысы келетін басқа контигенттер мониторингтік топтардың жұмыстары жалғасуда.
Ақтөбе облысында коронавирус егде жастағыларға ауыр тиіп жатыр. 60-тан асқан екі тұрғын коронавирустан көз жұмған. Қазір 16 адам жансақтау бөлімінде өмір үшін күресуде. Олардың 11-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Вирус жұқтырғандардың ішінде жүкті әйелдерде көп. Қазір 11 келіншек стационарда ем қабылдауда. Денсаулық басқармасындағылардың айтуынша, жаңа туған сәбилерден де вирус анықталған.
Бақытжан Түлкібаева, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы
- Барлық жаңа туған нәрестелерден ПЦР тест анализ алынады. Қазіргі алынған сол нәрестерлердің ішінде 9-ның ПЦР тесті оң нәтиже көрсетіп тұр. Олардың барлығы да клиникалық симптомсыз медицина қызметкерлерінің бақылауында.
Дәрігерлердің айтуынша, коронавирус нәрестелердің денсаулығына аса қатты зиян келтірмеген. Бірақ сонда да басқа жүкті әйелдерге сақтық мақсатында вакцина алу керек деп отыр. Жалпы, соңғы тәулікте елде 2113 адам коронавирус індетінен емделіп шықса, 1421 тұрғын коронавирус жұқтырған. 23 адам көз жұмды. Ауырғандардың басым көпшілігі «қызыл» аймақта тұрған Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысында екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!