Болжам: Ақтаудағы күлі көкке ұшқан дәмханада газ жарылуы мүмкін
Ақтаудағы күлі көкке ұшқан дәмханада газ жарылуы мүмкін. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті осындай болжам айтты. Электр сымдарының тұйықталуы да жойқын жарылысқа алып келуі мүмкін дейді олар.
Автор: Айман Нұрмағанбет
08.11.2021
Мамандар кешеден бері дүмпудің нақты неден болғанын анықтап, бүлінген аумақты зерттеп жатыр. Абырой болғанда жарылыстан ешкім зардап шекпеген. Апат кезінде дәмхана ішінде ешкім болмапты.
- Жарылыс болған аумақты қоршауға алған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, дәмхана маңындағы тігін шеберханасы мен көлік жөндейтін орталықтың түгі қалмаған. Екі қабатты ғимараттың үйіндісі ғана жатыр. Мамандар бүлінген аумаққа тексеріс жүргізуде.
Жарылыстың зардабы көрші тұрған қойма, көлік жөндейтін орталыққа да тиген. Сол маңда тұрған 10 көлік бүлініпті. Көшедегі өткен-кеткен машиналарға да ұшқын тиіпті. Куәгерлердің айтуынша, айналаны шаң басып, жан-жаққа тас ұшқан. Жарылыстың дауысы тіпті көрші аудандарға дейін естіліпті.
Тұрсынбай Тәжетинов, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Жарылыс болған кезде осы жерде тұрдық. Үстімізден тас борады. Қашып боксқа кіріп кеттік. Мына жердегі қақпалар жұлынып кетті. Мынаның қалай болатынын білмеймін. Жақында алған машина. Білмеймін, сақтандыру көмектесе ме?
Жарылыс болған дәмхана халық арасында «палау орталығы» деп аталып кеткен. Онда бес-алты адам жұмыс істейді. Дәмхана иесінің айтуынша, кешкі сегізге дейін жұмыс орнында ешкім қалмаған. Сондықтан жарылыстың қайдан шыққанын білмеймін деп отыр.
Абай Әміреев, дәмхана қожайыны:
- Ешқандай адам шығыны жоқ. Кешкі сағат жетілерде мен өзім шығып кеткенмін. Бала-шағаны алып. Құлаған ғимараттың ішінен қазір баллондарды тауыпты. Ол анау жоғарыдағылардыкі ме? Қапталдағылардыкі ме? Білмеймін. Кімдікі екенін. Біздікі емес.
Дәмхана иесінің кімнің газ баллоны жарылғанын білмеймін деуіне негіз бар. Себебі, ондағы бірнеше нысан пропан газын қолданады екен. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полицейлер әлі күнге жарылыстың нақты себебін айта алмай отыр. Десе де болжам бойынша жарылыс газдың тұтануынан пайда болған дейді. Оқиға орнын тексеру барысында төрт газ баллоны табылған. Жарылыстан 200 шаршы метр аумақ қирап қалды.
Нұрлан Жаңабаев, Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
- Үйінділерді тазарту жұмыстарын жүргізу кезінде екі газ баллоны табылып, қауіпсіз жерге шығарылды. Материал сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеліп процессуалдық шешім қабылдау үшін Маңғыстау облысының полиция департаментіне жолданды. Қазіргі уақытқа дейін зардап шеккендер, қаза тапқандар тіркелген жоқ.
Қазір жарылыстан қалған үйіндіні тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 300 тоннадан астам қиранды шығарылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!