Шетелден сатып алған көлікті мемлекеттік тіркеуден өткізу керек
Еліміздің бірқатар аймағында ресейлік көлік мінген жүргізушілердің наразылығы тоқтамай тұр. Олар көрші елден сатып алған техникаларын жаппай тексеріп жатқанына алаңдаулы.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.11.2021
Өйткені шетелдік темір тұлпарлардың еш жерде есепте тұрмағаны анықталып айып тұрағына қойылып жатыр. Сондықтан тәртіп сақшылары мемлекеттік тіркеуге қатысты кешірім жарияласа деген талабы бар. Бірақ Ішкі істер министрлігі жүргізушілердің өтініші әзір орындалмайтынын айтады.
Ақтөбеде 100-ден аса жүргізуші облыстық әкімдік алдына жиналды. Барлығының талабы бір – тақымдаған көліктерін тәртіп сақшылары тексермей, жеңілдікпен мемлекеттік тіркеуден өткізсе дейді. Арзанына қызығып дер уақытында көлік құжатын реттемегенін өздері де мойындайды. Бірақ оған ең бастысы кедендік салықтан бастап басқа алымдарының құны қымбат болуы кедергі. Сондықтан осы уақытқа дейін көрші елден жеткізілген көліктерге кешірілім берілуін талап етеді.
Нұрбақыт Сүлейменов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Емханадан шыққан кезімде ұстады. Сол жақтан жаңа келіп тұрмын. Енді бір шешіледі дегенге. Машинамызды қайтарсын. Тіркейтін болса, тіркесін. Бастысы, машинамыз ауада. Айыппұлын жазып берді. Салық десе, салығын төлейміз. Нөмір болса, нөмірін берсін.
Жол үстінде тоқтатып, әй-шәйға қарамастан айып тұрағына жөнелтіп жатқан ресейлік көлігі бар көкшетаулықтар да өре түрегелді. Астындағы жалғыз «атынан» айрылған олар «күнделікті нәпәқамыздан қағылдық» деп отыр. Кісі тасымалдап такси қызметін атқарып жүрген жүргізушілер «өлсек те, меншігіміздегі көлікті ешкімге бермейміз» деп отыр. Кешеден бері олармен кездесіп түсінік жұмысын жүргізбек болған шенеуніктермен көлік иелері бір келісімге келе алар емес.
Нұрлан Көшібаев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Шыны керек, ешқандай шешімге келгеніміз жоқ. Жалғыз талабымыз – заң қабылданғанға дейін біз жұмысымызды істедік, жүрдік, бізді тоқтатпады. Уақыт берсе, қол жинаймыз, арыз жазамыз. Біздің талабымыз осы, машиналарды атымызға түсіру. Біз не салық төлеуден қашпаймыз.
Ішкі істер министрлігіндегілер мемлекеттік тіркеуге қатысты ешкімге арнайы кешірім берілмейді деп отыр. Қазір Ресейден сатып алып, кейін екі елдің де тіркеуінде жоқ болып шыққан 90 мыңға жуық техниканы «Ерап» жүйесіне қосып жатыр. Сол арқылы қайда жүргенін анықтайды. Тәртіп сақшылары ешбір жерде есепте жоқ көліктердің құжаты жалған немесе қылмыстық оқиғаларға қатысы бар болып шығып жатқанын алға тартады.
Серік Түсіпов, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Тамыз айынан бері біз Ресей Федерациясымен шектесетін 7 аймақты аралап, тексеріс жұмыстарын жүргіздік. Күдік туғызған бірнеше көліктің тізімін Ресейге жібердік. Біз жіберген тізімнің ішінен 100 автокөліктің ешқашан көрші елдің тіркеуінде болмағаны анықталды. Яғни бұл темір тұлпарлардың иесі жалған құжат жасатып, заң бұзғандар деген сөз.
Ішкі істер министрлігіндегілер шетелден сатып алған кез келген көлікті 10 күн ішінде заңға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өткізу керек деп отыр. Олай болмаса, айып тұрағына алып, жаза қолданылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!