Көлік комитеті диагностикалық картаны заңсыз жасап келген
Көлік комитеті диагностикалық карталарды тексерудің орнына, оны заңсыз жолмен жасап келген. Лауазымды шенеуніктердің осындай "бармақ басты, көз қысты" әрекетінен 260 мыңнан астам көлік техникалық тексеруден өтпей көшелерде жүйткіп жүрген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
09.11.2021
Қылмыстық топ құрып, жалған диагностикалық карта жасаумен айналысқандар ақыры Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қолына түсті. Қазақстандық көлік иелері мұндай картаны алу үшін көләгән арнайы орталыққа апарып толықтай тексерістен өткізуі тиіс.
Мәселен, жеңіл көліктерді техникалық бақылаудан өткізуге жүргізушілер кем дегенде 30-40 минутын сарп етеді. Және оған төрт мыңнан жеті мың теңгеге дейін ақша төлейді. Ал еліміздің бес өңірінде құрылған қылмыстық топ төрт жылдан бері мұндай «қызметті» бес минутта жасап, әр автокөліктен екі мың теңге ғана алып отырған. Көлік комитетінің лауазымды тұлғалары басқарған қылмыстық топ жалған құжатты жалған фирмаларда дайындаған. Бүгінде Нұр-Сұлтанның көліктік бақылау инспекциясының бұрынғы басшысы қамауға алынды. Қылмысқа қатысы бар тағы 30 адам анықталған.
Шыңғыс Әлекешев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі:
- Жасанды техникалық байқаулар жалған тұлғалар арқылы жүргізілген. Олардың атына 28 фирма рәсімделген. Бұл ретте бұл фирмаларда не тиісті ғимарат, не техникалық жабдығы, не мамандар да болмаған. Заңсыз пайда сомасы жарты миллиард теңгеден асады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!