Мәжілісмендер Қарағанды облысындағы кен орындарын тексеру мәліметтерін талап етті
Мәжілісмендер Қарағанды облысындағы кен орындарын тексеру туралы мәліметтерді талап етті. «Абай» шахтасындағы алты адам қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін облыстық прокуратура «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты көмір кен орындарының жағдайын зерттеп жатыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
10.11.2021
Депутаттар 13 жыл бұрын болған ірі апаттан кейін онда не өзгергенін түсінгісі келеді. Сол кездің өзінде шахталар күрделі қайта жаңғыртуды қажет етіпті.
Гүлнар Бижанова, Мәжіліс депутаты:
- Біз компанияның жұмысына қанағаттанбаймыз. Қанша рет проблемалары айтылды, қанша рет басшылары өзгерді, кен орындарын жаңғыртуға бөлінген қыруар қаражат жеткізіліксіз болып отыр. Әрине, әртүрлі жағдай болады. Табиғи немесе кенеттен зиянды заттар ауаға шығаралады. Бірақ мұндай жағдайларға шахта қаншалықты дайын, ол жұмыс берушінің тікелей жауапкершілігі.
Депутаттың пікірінше, жарылыс болған «Абай» шахтасы 2008 жылғы апаттан кейін жабдығын тек 40 пайызға жаңартқан. Бұл қайғылы жағдайға әсер еткен болуы мүмкін. Қазір индустрия министрлігі ірі компания акционерлерімен жабдықтарды жаңғыртуға арналған құны 10 миллиард долларлық онжылдық жоспар құруға кірісіп кетті. Бірақ халық қалаулылары бұл жұмыстардың дұрыс атқарылатына күмәнмен қарайды. Жер астында өмірін қатерге тігетін кеншілердің жағдайы жалпы мәз емес.
Мәжілісмендер ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің мүддесін бүгін тағы қорғады. Олардың зейнетке шығу жасын қайта қарауды ұсынып отыр. «Шенеуніктер мемлекетке кімдердің арқасында кіріс кіріп жатқанын ұмытып кете береді» деп налыды депутаттар.
Мақсат Раманқұлов, Мәжіліс депутаты:
- Зейнетақы жасын төмендетуден бас тарта отырып, мемлекеттік органдар мұндай шешім қабылдау үшін ондаған миллиард теңге қажет екенін айтады. Бірақ дәл осылай бола тұра, жыл сайын ондаған емес, жүздеген миллиард бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалады. Мұны Есеп комитеті айғақтайды. Қызығы сол, осындай ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдардың арқасында мемлекетке кіріс кіріп жатқанын шенеуніктер ұмытып кете береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!