Қазақстандықтар банк атын жамылған алаяқтарға жаппай алданып жатыр
Банктың атын жамылған алаяқтарға қазақстандықтар жаппай алданып жатыр. Менеджермін деп хабарласқандар азаматтың аты-жөнінен бастап, куәлігінің нөмірі мен есепшотындағы сомасына дейін жаңылмай айтып береді екен.
Автор: Салтанат Шырынхан
10.11.2021
Артынша СМС жолдап, сондағы сілтемеге кіргенде бүкіл жиған-тергенінен айрылса, екіншілерінің мойнына миллиондаған несие ілінеді. Тақырға отырған тұрғындар бүкіл ақпаратты біліп тұрған алаяқтардың банктермен байланысы бар деп күдіктенуде. Жаңа деңгейге шыққан қаржы қарақшылары жайлы не білеміз?
Соңғы уақытта қарашаның қалтасын қағатындар еліміздің түкпір-түкпірінде пайда болған. Әккі айлакердің арбауына түскеннің бірі – жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Денис Безбородов. Оған енді төрт айдан бері банк қызметкерлері тыныштық берер емес. Себебі, басында 8 жарым миллион теңге несиесі бар. Алғашында алаяқтар оның атынан онлайн несие рәсімдеп, артынша алдап-арбау арқылы тіпті өзіне несие алдырған.
Денис Безбородов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Halyk Bank-тен суретімсіз, мен қол қоймастан, рұқсатымсыз қалай несие алуға болады? Алаяқ маған хабарласып, өзге банкке барып несие алуым керек екенін айтты. Әйтпесе артыма түскен алаяқ ол жақтан да онлайн түрде ақша алып алады деді. Алған несиемді қайтадан өзге банкке сақтандыру шоттар арқылы салсам, ешкімнің қаржы қағып ала алмайтынын айтып сендірді. Сол сәтте барлық ақшаны өзіне аударып алған екен.
Денисті алаяқтар несие алуға өз аяғымен апарса, әріптесіміз Әсем Лесбектің атынан айлакерлер қашықтан отырып қарыз алған. Банк қызметкерімін деп таныстырған келіншек журналистке қоңырау шалып, алаяқтың өз атына несие рәсімдеп жатқанын айтады. Сөйтіп ұзақ сөйлесу арқылы ұялы телефонына белгісіз қосымшаны қосып, сол сәтте екі банктен 2 миллион теңгені жымқырып үлгерген екен.
Әсем Лесбек, журналист:
- Ол алаяқтың өзі сіздің О—іңіз мынадай ғой, сіз тұрақты айлықты мынадай компаниядан аласыз дегендей. Яғни мен туралы барлық жеке ақпаратты жанағы алаяқ өз аузымен айтып берді. Айтып бергеннен кейін, әрине, көз алдында тұр ғой деп сеніп қалдым. Бағдарламаға кірдім. Төбеге қарай бір рет жүктегенімде шотымда несие рәсімделіп тұрды – 1 млн 267 мың, ары қарай теңгесімен.
Әсем Лесбектегі несие бұл ғана емес. Сол аралықта алаяқтар тіпті екінші деңгейдегі тағы бір банктен де 500 мыңнан аса сома алып үлгеріпті. Енді сан соғып қалған журналист бұл қарызды төрт жылға жуық төлеуге тиіс. Қос банкке мәселенің мән-жайын білмек боп барғанында, ондағы менеджерлер мардымды жауап бере алмаған. Тек оның атына несие рәсімделгенін растап, төлем жасау кестесін қолына ұстатқан. Алайда істі аяғына дейін апарамын деген ол полицияға шағымданған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Жәбірленуші полицияға 6-қарашада хабарласқан. Алатау ауданы полиция басқармасында ҚК 190-бабында көзделген нормалар бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір іздестіру шарасы жүргізілуде.
Жалпы жыл басынан бері полиция департаментінің мәліметінше 400-ге жуық азаматтың атына заңсыз несиелер рәсімделіп, алаяқтардың құрбаны болған екен. Ал банк қызметкерлері бұл іске өздерінің қатысы жоқ екенін айтады. Сондай-ақ менеджерлер ешқашан халыққа хабарласып жеке мәлімет сұрамайды дейді.
Досбол Арыстанбеков, «Халық банк» баспасөз қызметінің қызметкері:
- Банк қызметкері қоңырау шалатын болса, картаның жеке деректемелерін, ЖСН нөмірін, оның толық аты-жөнін, картаның жарамдылық мерзімі, не болмаса картаның артқы жағындағы құпия кодтарды немесе смс жолданған кодтарды банктің нақты қызметкері ешқашан сұрамайды. Егер дәл осы ақпараттарды сұрайтын болса, онда автоматты түрде алаяқпен сөйлесіп отырғаныңыз туралы нақты анықтап білуге болады.
Осылайша банк қызметкерлері алаяқтарға алданып қалмас үшін ешкімге жеке ақпаратты бермеуіңізді сұрайды. Күмән тудырар белгісіз адам хабарласқан жағдайда мобильді қосымшаға кіріп, картаңызды, яғни шотыңызды бұғаттап тастау керегін ескертеді. Сондай-ақ СМС арқылы келген сайттардың сілтемелерін баспаған абзал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!