Алматыда Pfizer-ді жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге салу басталды
Алматыда америкалық Pfizer екпесін жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге салу басталды. Таңертеңнен бері бұл препарат әзірге тек қана емханаларда егіліп жатыр. Себебі, арнайы мұздатқышта сақталуы тиіс вакцинаға сауда орындарындағы екпе орталықтарында әлі жағдай жасалмаған.
Автор: Салтанат Шырынхан
12.11.2021
Қалада дертке қарсы дәріні ектіруге ата-анасының рұқсатымен жиналған балалардың қарасы қалың. Ал жүкті және бала емізетін әйелдер санаулы ғана.
Осылайша екі күн бұрын елімізге америкалық Pfizer вакцинасының жоспарланған 4 млн дозасының 379 мыңы жеткізілген болатын. Оның шамамен 48 мың ампуласы Алматы емханаларына үлестіріліпті.
Елімізге дертке қарсы екпенің тағы бір баламасы жеткізілді. Вакцина 12-17 жас аралығындағы жеткіншектерге, жүкті әйелдер мен емшектегі баласы бар аналарға арналған. Pfizer/BioNTech екпесін АҚШ пен Германия елі бірлесе ойлап тапқан. Соның жоспарланған 4 млн дозасының алғашқы 379 мың ампуласы 2 күн бұрын жеткізілген. Қазір әр өңірге жөнелтіліп егу басталды. Алматыда алғашқылардың бірі болып жасөспірімдер салдыруда.
Айтуар Исаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Екпе иммунитетімді қорғайды. Қауіпті кеселге шалдықпаймын және өзгеге жұқтырмаймын. Яғни тасымалдамаймын. Дертке қарсы дәріні салдырмас бұрын кішкене қорыққаным рас. Дегенмен қазір өзімді және жақындарымды қауіпті кеселден қорғаудың жалғыз жолы осы ғана.
Бір ғана емхананың өзінде екі сағаттың ішінде екпені 20-ға жуық адамға екпе салынды. Жалпы бір күнге 96 доза салуды жоспарлап қойыпты. Ол 16 құтыны құрайды. Америкалық вакцинаның біреуінің өзі 6 адамға арналған екен. Сондай-ақ ақ халаттылар препаратқа арналған арнайы тоңазтқыштардың алдын ала жеткізілгенін атап өтті.
Меруерт Жансейітова, Бостандық ауданы санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасы бөлімінің басшысы:
- Негізгі айырмашылығы: негізгі қоймасындағы ерекшелік болуы мүмкін. Өйткені ол -60, -90 градуста алып келінеді, сақталынады. Одан кейін тағы бір айырмашылығы, осы емханаға алып келінгеннен кейін 31 күн ғана сақтай аламыз бұл жерде. Сол 2, 8 градусте. Оның тағы бір ерекшелігі – сол қоймадан алынған кезінде осы 2, 8 градусқа бөлінген уақытты белгілеу керек.
Ал бұл алыстан алдыртқан екпелерді арнайы сақтайтын қойма. Мұндағы тоңазытқыштардың температурасы минус 80 градусты көрсетіп тұр. Яғни жақында ғана әкелінген вакцина емханаларға жеткізілгенше, дәл осы температурада сақталуы тиіс.
Алматыға бұл екпенің 47 мыңға жуық дозасы жеткізілген. Қазір олардың әр емханаларға үлестірілгенін арнайы мониторинг топ тексеруде.
Саида Тәукелова, Республикалық қоғамдық бірлестіктің, қоғамдық бақылау мониторингінің басшысы:
- Екпелер барлық талапқа сай – емханаларда орналастырылған. Алматыға бөлінген доза онша көп емес. Сондай-ақ жұртшылық екпенің маңыздылығын түсіне отырып, барлығы қабылдайды деген сенімдемін. Жалпы, қоймаларға арнайы тоңазтқыштар 5-6 қарашада жеткізілды. Бүгін тексеріп өткеніміздей, барлығы талапқа сай жүргізіліп жатыр. Қазір жалған ақпаратқа сенбей, індеттің алдын алған жөн.
Көптен күткен америкалық Pfizer вакцинасы қазір қаладағы 20 емханаға таратылған. Алатау бөктерінде талап бойынша екпе салынатын 12-17 жас аралығындағы 170 мың бала, 20 мыңнан астам жүкті әйел және 60 мың бала емізетін ана бар. Бүгін тек 3 жүкті әйел мен 16 ана иммунизациядан өтті. Келесі аптадан бастап қала мектептеріне мобильді топтар жеткізілмек. Олар балаларға екпені егу кабинетінде жүргізеді. Медицина қызметкерлері мен мұғалімдер жіті бақылауда ұстайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!