Қарағанды: Аман қалған екі кенші енді шахтаға аяқ баспаймыз деп отыр
«Көмір қазуға енді түспейміз». Абай шахтасындағы апаттан аман қалған екі кенші енді жер астына аяқ баспаймыз деп отыр. Бүгін ғана ауруханадан шыққан олар бір ай бойы үйінде ем-дом алуды жалғастырады.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
15.11.2021
Элайдын Зейналов пен Жеңіс Маралбаев өткен аптада жансақтау бөлімінен ортақ палатаға ауыстырылған еді. Бір аптадай дәрігерлердің бақылауында болған олардың денсаулығы қазір жақсы. Десе де қос кеншінің бойында үрей қалған. Олар шахтаға қайтып түскісі келмейді. 40 жылға жуық көмір кенішінде еңбек еткен азаматтар өзге жұмысқа ауысуға ниетті.
7-қарашада таңғы сағат 8 жарымда Абай атындағы шахтада метан газы атылған. Жер астында болған 64 кеншінің 56-сы қашып шықса, апат ошағында болған 8 кеншінің алтауы өлі табылды.
Жеңіс Маралбаев, кенші:
- Егер мүмкіндік болса ол жаққа бармаймын. Қорқып тұрған жоқпын, бірақ кішкене жасымыз келіп тұр ғой енді. Қауіпті. Барлығы ескірген. Басқа жұмыс ... енді білмеймін, кімге керекпін? Мен басқа жұмыс дегенді білмеймін де.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!