Pfizer салдыруға басым бөлігінде әлі де үрей бар
Әзірге Pfizer 12-17 жас аралығындағыларға, жүкті және жас босанғандарға егілуде. Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл мен Қарағанды облыстарында екпе бүгіннен басталды. Дәрігерлерің айтуынша, келушілер қатары көп емес, басым бөлігінде әлі де үрей бар.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
15.11.2021
Елордада студенттер өз еркімен бастаса, Қарағандыда жас босанған әйелдер Pfizer-ді алғаш болып салдырып жатыр. Ал Жамбыл облысында екпеге балаларын жетектеп әкелген ата-аналар бар.
Жамбыл облысына Pfizer-дің 40 мың дозасы жеткізілген. Аймақта дәл осы екпені 139 мың адамға салу көзделген. Оның 92 мыңы жасөспірімдер болса, қалғаны жүкті және босанған әйелдер. Әзірге халықтың белсенділігі байқала қойған жоқ. Екпе салуың алғашқы күнінде бас-аяғы 12 оқушы келді. Кейбірін әке-шешесі жетелеп әкеліп, екпе салу процесін бақылап отырды.
Гүлшат Телбаева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Мен осы вакцинаның келгенін күтіп жүрдім. Екі балама осы екпені салғызу ойымда жүрген. Бүгін бірінші күн егіп жатқан соң өзім алып келдім. Өзіміз отбасымызда осы әңгімені күнде қозғап отырамыз.Осы вакцина індеттен сақтайды деп.
Нұр-Сұлтанда 5 мың жүкті, 28 мың бала емізетін әйел, 63 мың жеткіншек бар. Мұнда әзірге Pfizer вакцинасының 35 100 дозасы келген. Америкалық екпе тек медициналық мекемелерде егіледі. Елордалық 17 жастағы судент Төрежан Тұрсын Pfizer вакцинасын Нұр-Сұлтан қаласындағы №8 қалалық емханада алғашқы болып салдырды.
Төрежан Тұрсын, студент:
- Тек Pfizer салдырамын деп ойладым. Өйткені статистикаға қарасақ, тек қана сол ғана жеңіл өтеді. Көбінесе сол Pfizer жеңіл өтеді дейді.
Айналамдағылар ештеңе айтқан жоқ. Тек қана өзім, Ата-анаммен сөйлестім, сондықтан салдырдым.
Қарағанды облысына келген вакцинаның алғашқы партиясы 40 мың дозадан асады. Мұнда 12-17 жас аралығындағы 200 мыңға жуық бала бар. Жүктілік мерзімі 16 дан 37 аптаға дейінгі және жас босанған әйелдер саны 18 мыңнан асады. Қаладағы №3 емханаға бүгін екпе алуға алғаш болып емізулі баласы бар алты әйел келген.
Ләззат Тілегенова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Қорқыныш, әрине бар, бірақ мен осы дертпен ауырған адамдарды өз көзіммен көрдім. Олардың қалай қиналғанын көрдім. Осы тұрғыдан алғанда статистика бойынша кері әсері аз делінген вакцинаны салдыруды жөн көрдім. Босанғаннан кейін енді ел арасына шығып серуендеуім керек болады. Сол үшін өзімнің және баланың қауіпсіздігін бірінші орынға қойып отырмын.
Pfizer вакцинасын егуге емханаларда жеке кабинеттер бөлінген. Өйткені оны -80 градус суықта сақтайтын арнайы мұздатқыш керек. Ал вакцина салдыруға келісім берген оқушылары көп мектептер болса, дәрігерлер білім ошақтарына барып екпе жасайтын болады. Бірақ бүгіндері баласына екпе салдырамын деушілер қатары өте сирек. Дәрігерлер бұл вакцина салу науқаны басталған былтырғы жылдың ақпан айындағы жағдайға ұқсас дейді. Алғашында қарсы болғандар кейін өз еркімен екпе алады деген үміті бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!