Pfizer салдыратын азаматтар тізімі кеңеюі мүмкін
Pfizer вакцинасын алатын азаматтар тізімі кеңеюі мүмкін. Үкімет коронавирусқа қарсы ведомствоаралық комиссиямен келісе отырып, өз шешімін осы аптада жарияламақ. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мәмин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескенде айтты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.11.2021
Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі:
- Біз басқа санаттағы азаматтардың Pfizer вакцинасын алу немесе ревакциналауда салдыру мүмкіндігіне ие болуы үшін шешім іздеп жатырмыз. Ведомствоаралық комиссия аясында мәселені шешеміз, нақтысын осы аптада жариялаймыз.
Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты, ауру көрсеткіші азайып, шаруа оңалып келеді. Бүгінде «қызыл» аймақта тек Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қалған. Мәмин екі өңір жақын күндері «сарыға» көшеді деген сенімде. Ол үшін санитарлық нормаларды қатаң сақтап, вакциналау қарқынын арттыру керек
Бүгінде 8 жарым миллион азамат қауіпті індетке қарсы екпені салдырған. Ересектердің 75 пайызы бірінші компонентті, 69 пайызы екінші компонентті қабылдады. Вакциналау көрсеткіші жағынан Қазақстан ТМД елдерін басып озыпты.
Премьер 22-қарашада басталатын ревакциналау мәселесіне де тоқталған. Мәмин коронавирусқа қарсы екпені екінші қайтара салғызамын деп құлшынып отыр.
Асқар Мәмин, ҚР премьер-министрі:
- Мен міндетті түрде ревакциналауға қатысамын. Мүмкін осы аптада, мүмкін келесі аптада салдырамын. Мамандармен сөйлесемін, өйткені қандай вакцина салдыратынымды әзірге шешкен жоқпын. Бірінші алған екпеден 6-8 ай өту керек қой. Мен маусым айында «Спутник V» вакцинасын алдым. Қазір енді Pfizer, отандық QazVac және қытайлық вакциналар қолжетімді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!