{metadescription}
Ақтауда «Талпын» тұрғын  кешенінде газ, ыстық су, жылу атымен жоқ
Ақтауда «Талпын» тұрғын  кешенінде газ, ыстық су, жылу атымен жоқ

Ақтауда «Талпын» тұрғын  кешенінде газ, ыстық су, жылу атымен жоқ

Ақтауда «Талпын» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылуға жарымай отыр. Жаңа салынып жазда ғана пайдалануға берілген көпқабатты үйде әлі күнге газ, ыстық су, жылу деген атымен жоқ.

Қазірден бастап тізесі жылымаған жұрт қақаған қыста қатып қаламыз ба деп қорқады. Осыны айтып тұрғындар мердігер мекемеге талай арызданған. Бірақ құрылысқа жауапты компания бүрсең қаққан қараша түгілі, тілшілерге де  жауап беруге жарымады.

- Үйдің іші қақап тұр, салқын. Күртемен отырамыз. Әке-шешем бар...

Ербол Сахиев бала-шағасымен үйінде күндіз-түні сырт киіммен жүруге мәжбүр. Себебі: жазда қолданысқа берілген баспанаға әлі жылу жүргізілмепті. Қыруар қаржыға сатып алған пәтерге жасаған жөндеу жұмыстарым да далаға кетті деп отыр. Өйткені ылғалдан қабырғалары мен терезе тұсы көгере бастаған. Бұл аздай, суықта ауру-сырқаудан көз ашпайтын болдық дейді. 

Ербол Сахиев, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Ыстық су жоқ. Жылу жоқ. Үйдің іші мұздай. Қара боран. Салқын.  Балаларымыз ауырып жатыр. Әке-шешеммен бірге тұрып жатырмыз. Үш айдан кетіп бара жатыр. «Әне-міне береміз» деді. Әлі берген жылуы да жоқ. Енді, міне, қыс түсті.

Тұрғындар пәтерлерін электр пешімен жылытып отыр. Жарық сөніп қалса, бүрсең қағады екен. Сондықтан тезірек жылу берілмесе, қыстан аман шығуымыз екіталай деп уайымдайды жиналғандар.

«Талпын» тұрғын үй кешенінің жылудан басқа да жыры көп. Мәселен, есік алдына әлі күнге дейін тас жол төселмепті. Одан қалса балалар ойнайтын алаң да атымен жоқ. Тұрғындар мәселені бірнеше рет мердігер мекеме өкілдеріне айтқан. Алайда олар құлақ аспайтын көрінеді. Тіпті тұрғындардың наразылығына қарамай, басқа құрылыс жүргізіп жатыр екен.

Ринат Оразбаев, Ақтау қаласының тұрғыны:

Ауыр техниканың бәрі осында жүреді. Шаңғыт, боран, машина қоятын орын жоқ. Асфальт жоқ. Терезені де бір көрсетіп жібер. Подъездің терезесін салғанда бір форточка да жоқ. Форточка қайда десек, біз форточканы салмаймыз дейді.  

Суықтан бүрсеңдеген тұрғындардың мәселесіне қалалық әкімдік те құлақ аспай отыр екен. Өйткені шенеуніктер «Талпын» тұрғын үйі әлі әкімдіктің балансына өткен жоқ дейді. Ал жылыту жүйесі орталық желіге жалғанбапты. Дербес жылыту қондырғысын тек үйді салған компания ғана қоса алады екен. Ал мердігер мекеме өкілдері сұхбат беруден бас тартып, камераны көргенде қаша жөнелді.

Мердігер мекеме жылудың шаруасын шешуге енді ғана кіріскен сыңайлы. Тұрғындар газға жауапты мамандардың жылу қазандығын тексеріп жатқанын айтты. Егер жылу бір аптаның ішінде берілмесе, жиналған жұрт құрылыс компаниясын сотқа береміз деп тарқасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде