Pfizer-ді енді кез келген тұрғын ақылы түрде салдыруына болады
Ақылы түрде алуға болады. Америкалық Pfizer препаратын енді кез-келген тұрғынға ақшасын төлеп салдыруға мүмкіндік бар. Денсаулық сақтау министрінің осындай ұсынысын бүгін үкімет басшысы қолдады. Балалардың иммунизациясына көңіл бөлер уақыт келді деп санайды премьер-министр.
Автор: Елдос Есенбол
16.11.2021
Бұл ретте шектеу шаралары енді балаларға да қолданылмақшы. Алдағы уақытта вакцина алмаған ересектермен қатар балалар да сауда орталығына кіре алмай қалуы мүмкін. Елді алаңдатқан екпеге қатысты үкімет тағы қандай шешім қабылдады?
Америкалық Pfizer препаратын кешелі бері елде 1300-ден астам бала мен 200-ден астам жүкті әйел ғана салдырған. Шенділердің сөзіне сенсек, барлығы да ерікті түрде келген. Енді сол мақтаулы вакцина қалған азаматтарға алықы болмақ.
Бүгін үкімет отырсында денсаулық сақтау министрі "халықтың сұрауы бойынша" деп ұсынды. Цойдың бастамасын премьер-министр де қолдай кетті. Асқар Мәмин вакцинаны сақтау, тасымалдау орнын дайындауға пәрмен берді.
Асқар Мәмин, ҚР премьер-министрі:
- Қалаған адам вакцинаны ақылы түрде ала алатындай етіп, екпені нарықтың коммерциялық сегментіне жеткізу мүмкіндігі туралы ұсынысты қолдаймын. Вакциналарды сақтау орындарына және тасымалдау кезінде сақтау режиміне ерекше назар аудару керек. Осыған байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмысын, сол сияқты вакциналау және ревакциналау қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуді сұраймын.
Қазір Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында балалар мен жүкті әйелдерді дәл осы Pfizer-мен егу басталып кетті.
Бүгін Шығыс Қазақстан да америкалық екпе салуды бастады. Дәл осы аймақ республикада иммундау көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Өңір халқының 95 пайызы вакцина салдырған. Аймаққа Pfizer-дің 35 мың дозасы жетсе, оны бір тәуліктің ішінде 75 бала алып үлгеріпті.
Сажида Ахметова, Өскемен қаласы №1 аурухананың дәрігері:
- Вакциналау 16-17 жас арасында басталды. Вакцина жасау алдында ата-аналар құжат толтырады. Содан ата-анасымен телефон арқылы дәрігер жалпы жағдайын біледі.
Денсаулық сақтау министрінің дерегінше, бастапқыда Қазақстанға Pfizer-дің 379 мың дозасы әкелінсе, екінші партиясын 20 қарашаға дейін жеткізу жоспарланған. Енді америкалық препаратты апта сайын алдырмақ. Ал ақылы түрде екпе салдырудың бағасы әзірге белгісіз. Осы жылдың соңына бағасы бекітіліп, айналымға шығады деп отыр министрліктегілер. Қалған вирусқа қарсы препараттардың барлығы тегін болып қала бермек. Министр Цой өз сөзінде оны да «пайланып үлгеріңіздер» дегенге келтірді. Себебі, ауырып ем іздегендердің көпшілігі екпе салдырмағандар.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Тексеріс нәтижесінде коронавирус инфекциясын жұқтырып ауруханаға түскендердің басым көпшілігінен вакцина алмаған азаматтар анықталды. Екпе салдырып ауырғандар 5 пайыз болса, қалған 95 пайызы иммундау жүйесін өтпегендер. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған 400-ден астам азаматтың да 90 пайызы вакцина салдырмаған. Сондықтан ел халқын вацинацилау процесіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Pfizer-дің төңірегінде көпті толғандырған тағы бір мәселеге қатысты білім министрі де үнсіз қалмады. Балаларға екпе салынады дегеннен бастап ата-аналар «күштеп егілмей ме» деп алаңдаған. Тіпті вакцина алмаған балалар мектепке кіргізілмейді деген де әңгіме тараған. Бірақ Асхат Аймағамбетов «білім алу кез келген азаматтың заңды құқығы» деп кесіп айтты.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Ол адамның өз еркі. Сондықтан да бала егер вакцина қабылдамаймын десе, әрине, ол мектепке келе алады. Өйткені бізде Конституцияға сәйкес, ол баланың білім алу бойынша құқығы. Сондықтан осы құқығының шеңберінде оқуын жалғастыратын болады.
Осылайша бұрын екпе алмағандар мен ревакцинадан өтетін қазақстандықтар ақылы түрде Pfizer-ді салдыра алады. Егер екі компанентін басқа вакцинадан алып, үшіншісінде америкалық препаратты салдыратын болсаңыз, вакцина паспортында үшінші жол пайда болады. Көпшіліктің Pfizer-ге ықыласы ауғандығының себебі дәл осы препарат шетелге емін-еркін шығу үшін жарамды болып тұрғандардың бірі
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!