Депутаттар: Қаржыны футбол клубтарына емес, балалар спортын дамытуға жұмсау керек
Депутаттар еліміздегі футбол клубтарын мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатуды талап етті. Есесіне миллиардтаған теңгені балалар спортын дамытуға жұмсау керек деген пікірде.
Автор: Жаңалық Ахаш
17.11.2021
Мәжілісмендер жақында ғана Франциядан 8-0 есебімен ұтылып масқара болған ұлттық құрамаға ашынып отыр. Депутат Қазыбек Иса футболшылар мен осы саланың айналасындағыларды «гол салмайтын, халық қазынасына қол салатындар» деп айыптады. Соңғы үш жыл ішінде облыс әкімдіктері тарапынан футбол клубтарына бөлінген ақша 111 миллиард теңгеден асқан дейді депутат. Соған қарамастан әлемдік рейтингте ешқайсысы жүздікке де кірмейді. Премьер-лигадағы 400-ге жуық футболшының тең жартысы – легионер. Ал ақшаның көбі соларды сатып алуға кетіп жатыр. Онымен қоса қаржыға қатысты ақпаратты Футбол федерациясы ашық жариялай бермейді. Мәжіліс депутаты ол туралы ресми мәлімет таба алмаған.
Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты:
- Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалуда. Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, біздерден футбол бюджеті екі есе аз Өзбекстан 10 стадион салған. Есепсіз миллиардтарды шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ. Әлемдік лиагада ешбір клубымыз жүздікке кірмейді. Халықтың қыруар қаржысын Франциямен ойындағыдай масқара болу үшін құйып отырмыз ба?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!