Елбасы: Үлкен Еуразияның төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын
«Біреудің жеңілісі өзгенің жеңісі екенін білдірмейді». Ядролық қауіп-қатерге қатысты ойымен бөліскен Елбасы күш-жігерді біріктіру арқылы ғана сын-қатерлерге қарсы тұра алатынымызды алға тартты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
17.11.2021
Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, жаппай қырып-жою қаруын сатып алуға және таратуға қатысты қатаң санкциялар қамтылуы тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған жиынға Елбасы онлайн қосылды. Пандемияның үлкен басқосуларға кедергі болғанын тілге тиек еткен тұңғыш президент Ауғанстандағы жағдайға да алаңдайтынын білдірді. Тәліптердің жылдам жеңісі мен америкалықтардың кетуі бұл елдегі ахуалды түбегейлі күрделендіріп жіберген.
Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, 23 млн. адам немесе ауған халқының жартысынан көбі азық-түлік жетіспей зардап тартып жатыр. Бұл ретте Қазақстан ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге, азық-түлікті жеткізу көлемін арттыруға дайын деді Назарбаев.
Тұңғыш президент Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, сонымен қатар таяуда құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы арасында тікелей байланысты дамытатын уақыт жеткенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш президенті:
- Үлкен Еуразияның төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын. Онда елдеріміз Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндігін талқылап, ілгерілете алар еді. Қазақстан мемлекет және Үкімет басшылары деңгейіндегі мұндай форумды ұйымдастырушылардың бірі бола алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!