Жамбыл облысындағы долы дауыл – Репортаж
Жамбыл облысындағы долы дауылдан тұрғындар үйінде ертелі-кеш қамалуға мәжбүр. Бет қаратпайтын күшті жел адамдарды қаңбақтай ұшырып, талдарды тамырымен қопарды. Соның кесірінен электр желілері үзіліп, бұқара жарықсыз қалды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
17.11.2021
Адам шығыны жоқ, бірақ зардап шеккендер бар. Қанша ғимарат шатырсыз қалды және келтірілген шығын көлемі қанша?
Кеше жел тұрады деп ескертілген, бірақ екпіні мұншалықты күшті болады деп ешкім күтпеді. Дауыл таңертең жұмысқа шыққан тұрғындарды қаңбақтай ұшырды.
Бір сәтте қаладағы көлік қозғалысы қиындады. Төрт аудан мен Тараз қаласының түс ауа оқитын оқушылары мектепке барған жоқ. Білім басқармасы қаупсіздік үшін осындай шешім қабылдаған. Өйткені секундына 30 метрге дейін соққан жел жуан талдардың өзін тамырымен қопарып түсірді. Қаладағы әр көшеде осындай көрініс. Құлаған ағаштардан машиналар жүре алмай, кептелістер пайда болды.
Кейбір ағаштар машиналарды жапырды. Қанша көлікке зақым келгені әзірге белгісіз. Адам шығыны жоқ, бірақ зардап шеккендер бар. Облыс бойынша 41 адам дәрігерлер көмегіне жүгініп, жағдайы ауыр төртеуі ауруханаға жатқызылған. Аудандардағы ахуал да мәз емес. Талас пен Сарысуда да күшті жел тұрып, көліктерді төңкеріп жатты. Сондықтан сол екі аудан және Жуалы ауданының жолы жабылыпты. Ал Күйік асуындағы бұрқасыннан 40 жолаушы құтқарылған.
Руслан Шариев, Жамбыл облысы азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Облыстық маңызы бар жол Күйік -Қарабастау, Қаратау - Жаңатас жолы жабылды. Сағат 10:05 Алматы – Ташкент -Термес республикалық маңызы бар автомобиль жолы жабылды. Ол Айша бибі елдімекенінен Түркістан шекарасына дейін жабылды.
Қаладағы көріністерден көз сүрінеді. Әр жерде бүктелген қаңылтыр, шашылған бұталар. Кейбірі талда әлі ілініп тұр. Облыста сегіз көпқабатты ғимараттың шатырын жел ұшырып әкеткен. Оның екеуі әлеуметтік нысан. Ал ең қатты шығынға ұшыраған көпқабатты үйлердің бірінде төбе жабындысының тең жарымын жел көтерген. Жаңбыр жауып немесе қар түссе тұрғындардың жағдайы қиындайтыны айтпаса да түсінікті. Әзірге қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Жауаптылар желдің екпіні басылғанын күтіп отырса керек.
Қалада тағы 12 мектеп пен 5 балабақшаның шатырына зақым келген. Және жылу мекемесінің элекр желісі үзіліп, жылу беру уақытша тоқтаған. Таразда 10 электр бағанасы желге шыдас бермей құлаған. Соның кесірінен жарық күнұзаққа жыпылықтап тұрды. Жалпы облыс бойынша әзірге қанша үйдің тас-түнекте отырғаны белгісіз. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Талғат Иманбеков, ЖЭЖ мекемесі күзет қызметінің басшысы:
- Қазір қиындық туындап жатыр. Автомұнараны жоғары көтеріп жұмыс істей алмай жатырмыз. Өйткені 10 км секундтан желдің күші асса, онда арнайы техниканы қолдануға болмайды. Сол себепті қиындық туындауда.
Табиғаттың тосын мінезі келтірген шығын көлемі әзірге белгісіз. Желдің екпіні түс ауа басылды. Ал долы дауыл Мойынқұм ауданына қарай жылжып барады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!