Тоймен жанын бағып үйренген әртістерді көргіңіз келсе ...
Үкімет әртістерге тойға шығуға тыйым салды. Нәпақадан қағылған әншілердің сан түрлі оқиғасы «Тойхана» атты кинокомедияға арқау болды. Туындыда тоймен жанын бағып үйреніп қалған әртістердің енді қиын-қыстау кезеңі сипатталған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
18.11.2021
Өздерін жаңа қырынан көрсеткен Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас пен Абай Бегей отандық туындының дәм-тұзын келтірген. Олардың бастан өткен оқиғасын білгіңіз келсе, су жаңа фильмді бүгіннен бастап кинотеатрлардан тамашалай аласыз.
Отандық әртістердің тойсыз күні не болмақ? Осы сұрақтың жауабын абыр-сабыр болып жиналған жұрт білгісі келіп, фильмнің тұсаукесерін түсірілім тобынан бұрын әртістердің өздері асыға күтті. Өйткені бұл комедияда тек танымал актерлер ғана емес, халықтың алдында жүрген әншілер де ойнайды.
Құралай Анарбекова, актриса:
- Біздің фильм 2019 жылы түсірілді. 2020 жылы фильмнің тұсаукесері болуы керек еді. Өздеріңіз білесіздер, жағдайға байланысты екі жылдан кейін жолы түсіп тұр. Көптеген әртістер түсті. Және де мен қуаныштымын, әртістер келісіп, өздерін тек қана әншілік жағынан емес, әртістік жағынан да көрсете білді.
Той жасаймыз деп халық несие алып, қарызға белшесінен батқан. Сол үшін де билік аста-төк салтанатты кештерге тыйым салып, дарақылықты тоқтату үшін жаңа заң енгізеді.
- Бүгінгі күннен бастап той жасауға ресми түрде тыйым салынады.
Тоймен жан сақтап ақшадан қағылған әншілердің бірі мұғалім болып кетсе, екіншісі түрмеге түсіп қалады. Тіпті кейбірі тойдың жоқтығына жүйкесі шыдай алмай ауруханадан бір-ақ шыққан. Алайда тығылып той жасайтындар да жоқ емес.
Ерлан Прімбетов, актер:
- Мен парақор, айлакер полицейдің рөлін ойнадым. Заңсыз тойға шығып жүрген әншілерді ұстаймыз. Киноға түскенде ешбір қиындық болмады. Өйткені түсірілім тобы өте ұйымшыл болды. Режиссерге үлкен алғысымды білдіремін.
Бір айда түсіріп шыққан комедияның режиссері «Сержан Братан» сериялы мен «Брат или брак » және «Ва-банк» атты фильмдерді жарыққа шығарған Әлішер Өтев. Актерлік құрам әншілерге толы болса да, олармен жұмыс жеңіл болған сыңайлы.
Әлішер Өтев, режиссер:
- Ол кісілермен қатты қиын болмады. Өйткені әншілердің кішкене болса да актерлік шеберлігі бар. Пандемия деген жаман нәрсе. Тек киноға емес, бүткіл салаға әсер етті. Енді қазір кинодан көресіздер.
Туынды отандық әртістердің сан түрлі оқиғаларына толы. Көрерменді күлкіге қарық қылатын комедияны бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалай аласыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!