Баға қайда барады, құрылыс қарқыны қалай болады – Мамандардың пікірі
Елімізде жыл басталғалы бері құрылыс материалдары кемі 28 пайызға қымбаттаған. Соның кесірінен тұтынушы ғана емес, құрылыс компаниялары да шаш етектен шығынға батып жатыр.
Автор: Мақсат Мәлік
18.11.2021
Тіпті биыл осы саладан нәпақасын айырып келген мың жарым компания жұмысын тоқтатқан. Ал баспана құны 14 пайызға шарықтап шыға келді. Сарапшылар бұл саладағы қымбатшылық әлі де жалғаса береді дейді. Баға қайда барады, құрылыс қарқыны қалай болмақ?
Көктемде құны күрт артқан құрылыс заттарының бағасы әлі ырық берер емес. Баспана тұрғызуға қажеттінің қайсысын алмаңыз, қалтаңызға оңай тимесі анық. Бір ғана арматураның орташа құны 425 мың теңгеге дейін өсіпті.
Ал бір жыл ішінде құрылыс заттары 28 пайызға қымбаттаған. Бағаның күн санап құбылуы тұтынушылардан бөлек, өндіруші компанияларға да қиын соғып тұр. Өйткені өнімнің белгіленген құны көтерілсе сатылым төмендеп кетуі мүмкін. Өндіруші кәсіпорындар баға саясатын тұрақты ұстап тұруға мүдделіміз дегенімен, нарық талабына бағынамыз дейді.
Виктор Мирошниченко, өндіруші компания директоры:
- Біз тауардың өзіндік құнын көтеруге бейжай қарай алмаймыз. Бірақ, бірінші кезекте ішкі шығындарды оңтайландыруға тырысамыз. Қаптау құрылысын өзгертіп, өндіріс қуатына көңіл бөлуіміз мүмкін. Логистикалық шығындарды қысқартамыз. Кешенді зерттеу барысында өзіндік құнын бір қалыпты сақтап қалуға болады. Десе де белгілі межеге жеткенде амалсыздан бағаны көтереміз.
Сарапшылар құрылыс заттарының қымбаттауына сұраныстың артуы, теңгенің құнсыздануы және Қытаймен арадағы шекараның жабық тұрғаны тікелей әсер етті дейді. Ал асқынған ахуал қыз-қыз қайнаған құрылыс саласын аз уақытта тұралатып тастаған. Биыл құрылыс маңынан нәпақа тауып жүрген мың жарым мердігер компания қиындыққа шыдамай жабылып тыныпты. Тіпті мемлекеттік тапсырыс орындап жүрген ірі компаниялардың да күні қараң қалды дейді мамандар.
Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:
- Үкіметтің әлеуметтік салада салып жүрген жобаларында құрылыс компаниялар қиын жағдайда. 2019-2020 жылдары белгіленген бағамен қазір құрылыстарын бітіре алмайды. 20 пайыздай сол салада істеп жүрген құрылыс компаниялары нарықтан шығып, банкротқа ұшырайды.
Құрылыс заттарының қымбаттауы баспана бағасын да шарықтатып жіберді. Қазір елімізде пәтер құны 14 пайызға өскен. Жылжымайтын мүлік саласындағы қымбатшылық мұнымен тоқтамайды дейді сарапшылар.
Ал жауапты министрлік өкілдері баға саясатына араласуға дәрменсіз екенін жасырмайды. Алайда ведомство тарапы нарықтағы қиындық қолдан жасалғанын айтады.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Министрлік өндіріске жауап береді, әрі қарай жеткізу тізбегі бар. Біз осы жерден талдау жасауымыз қажет. Мәселен, бағаның өскенін көрген 16 кәсіпорын «неге біз де көтермейміз» деген ойда қалады. Бір қарасаң, менеджердің қалыпты тәсілі. Нарықта 10 миллион цемент керек болса, біз 15 миллион өндіреміз. Бәрібір баға өсіп жатыр. Осы тұста барлығы жасанды екенін көреміз. Біз мұны анықтап, монополияға қарсы комитетпен бірлесіп шара қабылдағанда баға төмендеді.
Десе де сарапшылар құрылыс саласындағы күрмеуі көп мәселені Үкімет тезірек реттеу қажет деп есептейді. Өйткені бағаның шарықтауы жалғаса берсе, тағы сандаған компания қызметін тоқтатып, екі қолға бір күрек таппаған жұмыссыздардың қатары артады. Ал болжам бойынша құрылыс заттарының құны келесі көктемде тағы да қымбаттайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!