Жамбыл облысындағы дүлей дауылдан кейінгі жағдай
Дүлей желдің кесірінен Жамбыл облысында 6 мыңнан астам түтін әлі күнге жарықсыз отыр. Мамандар үзілген желілерді жалғауға жанталасқанымен, үлгере алмай жатыр. Дауыл аймақтағы 550-ден аса жеке және көпқабатты үйлерді, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды зақымдаған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
18.11.2021
Қазір оны қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Әзірге табиғаттың тосын мінезі келтірген шығын көлемі белгісіз. 49 адам түрлі дәрежедегі жарақатпен дәрігерлер көмегіне жүгініпті. Дүлей желден кейінгі Жамбыл облысындағы жағдайды қандай?
Екпінді желден есеңгіреп қалған тұрғындар енді есін жия бастаған. Ал қаланың іші әлі қалпына келтірілмеген. Бағдаршамдар іске қосылмай әр жерде құлаған ағаштар мен бүктелген шатырлар шашылып жатыр.
Дүлей жел облыста 550-ден аса жеке және көпқатты үйлерді, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды зақымдаған. Қазір соны қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Төбе жабындысы бүлінген білім ошақтары да оқушыларды қашықтан оқуға жіберген. Табиғаттың тосын мінезінен қатты зақымдалған басапаналар да бар. Тіпті кейбір үйлерді күшті жел жарамсыз етіп тастаған. Үй иелері кімнен көмек сұрарын білмей жүр.
- Қол ұшын, көмек беретін кісілер болса, сіздерден өтініш. Барлықтарыңыз көмек беріңіздерші.
Құлаған талдар мен бағаналардан электр желілері үзілген. Соның салдарынан облыста 50 мыңнан аса үй түнімен жарықсыз отырды. Әлі 6 жарым мыңнан аса шаңырақ электр қуатына қосылған жоқ. Әкімдіктен күдер үзген тұрғындар қиылған желілерді өзі жалғауға кірісіпті.
Дәурен Есболов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Бүгін электриктерді шақыртып, өзіміз қостыртып жатырмыз. Кабель сатып алып, басқа фазадан қосылып жатырмыз.
Жалпы саны 51 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Оның төртеуі қазір ауруханада жатыр. Ақ халаттылар олардың өміріне төнген қауіп жоқ дейді. Ал бүгін 17 жастағы азаматтың шатырдан құлап мерт болғаны белгілі болды. Бірақ шенеуніктер бұл жағдайды табиғаттың тосын мінезімен байланыстырмайды.
Рүстем Дәулет, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Аудан әкімдігімен көмек көрсетіледі. Ешқандай жасыру болған жоқ. Кеше түнде естідік. Біз барған кезде ата-анасы бұл мәселемен байланыстырған жоқ. Өзі шатырда жүріп болды дейді.
Қазір Тараз қаласы мен 10 ауданда желдің зардабын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге табиғаттың тосын мінезінен келген шығын көлемі де белгісіз. Еске салсақ, кеше Жамбыл облысында секундына 38 метрге дейін жел ұйытқып, тұрғындарды әбігерге салған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!