Ақтөбе шенеуніктері көкөніс құнын шіріген картоппен арзандатпақшы
Ақтөбенің шенеуніктері шіріген картоп сатып көкөніс құнын арзандатпақшы. Жақында ғана облыс әкімдігіне қарайтын корпорациядағылар қазынаның қыруар қаржысына тұрақтандыру қорын картопқа толтырдық деп мақтанған болатын.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.11.2021
Ол үшін мемлекеттің миллиондары жұмсалды. Кейін сол картоптың жеуге жарамайтындарын дүкендерге арзан бағамен сатуға таратып беріпті. Енді шенеуніктер шіріген картоп «біздікі емес» деп қашқақтап отыр.
Ақтөбедегі супермаркеттердегі «әлеуметтік тауар» деп әлдеқандай қылып іліп қойған тақтайшасы бар көкөніс сөресінің қасына ешкім жоламайды. Мұндағы картоптың бағасы келісіне 84 теңге. Тұрғындар құнына қарап қуанғанымен, шіріген түрін көріп шошынып отыр.
Задагүл Жанәділова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Енді таңдап жатыр ғой. Қарадым. Арасында алатын дым жоқ. Арзан бағамен шамалы дұрыстап салмай ма? Оны не істеймін, неге шіріп жатқанын. Қайтеміз, амал жоқ, осыдан аламыз, қымбат болса да.
Бағаны тұрақтандыру үшін облыс әкімдігіне қарайтын корпорация тек картоп сатып алуға бюджеттің 78 миллион теңгесін жұмсаған. Жақында олар қала шетіндегі қожалықтың бірінің қоймасындағы көкөністі көрсетіп мақтанған да еді. Бірақ дүкендерге таратып бергендері ол кезде көрсеткен картопқа мүлдем ұқсамайды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпрорация басшылары дүкенде 84 теңгеге сатылып жатқаны «біздікі емес» деп шоршыды.
Әнуар Асылов, «Ақтөбе» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары: -Бұл тұрақтандыру қорының картбы емес. Жоқ. Сізге айтып тұрмын, басқа сапалы тауар бар, ол тұрақтандыру қорынан шығарылады. Қазір біз ол дүкеннің басшылығымен сөйлесеміз.
Іздеусіз-ақ супермаркет басшылары сол бойда табыла кетті. Олар басшыға тұрақтандыру қорының шіріген картоп таратып бергенін мойнына іліп салды.
Нұргүл Тазбаева, дүкен директоры:
- Мен ол кісі не айтып тұрғанын білмеймін. Естіген жоқпын. Осы бойы, міне, залдан келіп тұрмын. Сіздер нақты сұрақ қойдыңыздар. Мен жауап бердім.
- Осылай шіріген түрінде келді ме?
- Осы келген, сексен төрттің картобы. Тұрақтандыру қорының картобы. Оны басқаға ауыстырған жоқпыз.
Ақыры корпорациядан келген бастық қымбатшылықты болдырмау үшін тұрақтандыру қорын толтыру ғана міндетіміз деп ақталды. Ал тауар сапасын бақылауға жауапты емеспіз деп отыр. Соңында дүкен сөресіндегі шіріген картопты жоқ қылуға тапсырма беріп, өзі де қаша жөнелді
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!