{metadescription}
Саясаттанушылар: Елбасының бұл қадамы билік транзитіндегі қалыпты құбылыс
Саясаттанушылар: Елбасының бұл қадамы билік транзитіндегі қалыпты құбылыс

Саясаттанушылар: Елбасының бұл қадамы билік транзитіндегі қалыпты құбылыс

Саяси шешімнің салмағы қандай? Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының төрағалығынан кетемін деген мәлімдемесі қызу талқыға түсіп жатыр. Саясаттанушылар екі жарым жыл бұрын президенттік өкілеттігін тоқтатқан Елбасының бұл қадамы билік транзитіндегі қалыпты құбылыс деп есептейді.

Ал саяси қарсыластар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы жаңа бастамалар жасауға мүмкіндік туады деп болжам жасауда.

Айта кетейік, кеше партияны ел президенті басқаруы тиіс деген Елбасы төрағалықтан кету туралы шешім қабылдағанын жариялады. Бірақ төраға өкілеттігін мемлекет басшысына табыстау рәсімі партия жарғысына сай жүзеге асырылады.

2019 жылдың наурыз айындағы маңызды саяси оқиға жұрттың жадында. Сол кезде президенттік өкілеттігін тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстаған.

Ал Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы қабылдаған шешім елді тағы елең еткізді. «Партияны ел президенті басқаруы тиіс» деген ол Nur Otan төрағалығы мемлекет басшысына өтетінін мәлемдеді. Билік транзитінің кезекті көрінісін саралаған сарапшылар тіпті саяси қарсыластар түрлі пікірде болғанымен, бәрінің айтар ойы бір. Барлығы биліктің кезең-кезеңімен ауысуынан үміт күтеді.

Индира Рыстина, саясаттанушы:

Ерекше орын алған құбылыс деп айта алмаймыз. Себебі, саяси транформация, саяси биліктің өтуі 2019 жылы орын алды. Биыл Қазақстан халқы ассамблеясындағы төрағалықтың өтуі болды, қазір саяси партиядағы төрағалықтың өтуі болайын деп жатыр. Сондықтан бұл бірізділіктің сақталуы, мемлекеттік саясаттың тұрақты форматта жүруінің бір көрінісі.  

Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:

- Nur Otan партиясының ішкі шешімі. Және де өте заңды. Не дейміз енді, кезек-кезегімен транзиттің тағы бір қадамы. Әрі қарай Тоқаевқа өзінің саяси идеяларын, саяси бастамаларын іске асыруға көбірек мүмкіндік болады деп білеміз. 

Саяси шешімнің салмағын күндер озып, жылдар жылжыған сайын бағамдайтынымыз шындық. Себебі, ұлттың ертеңі мен тұтастығы жолындағы қарекет бәрінен биік. Саяси кеңесте осындай ойды ұғындырған Елбасы да Қасым-Жомарт Кемелұлының төңірегінде бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті:

Бүгінгі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар кешені жүзеге асып жатыр. Оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің маңызы зор. Мәселен, жаңа Парламент жұмысы басталғалы Мәжіліс қоржынында 128 заң жобасы бар. Оның ішінде 80 заң қабылданды. Соның 19-ын Nur Otan фракциясының депутаттары әзірледі. Барша қазақстандықтар Президенттің мемлекеттік бағыты төңірегінде топтасып, оны іске асыру барысында бірлесіп жұмыс істеуі маңызды.

Төраға өкілеттігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстау рәсімі партия жарғысына сай жүзеге асады. Оған сәйкес, жетекшіні сайлау және қызметтен босату Nur Otan партиясы құрылтайының айырықша құзыретінде. Сол шешім қабылданғанша, Елбасы төраға қызметін атқара береді.

Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған саяси ұйым алғашқы сәттен бастап елдік мүддені басты бағдар етті. Атқарылған ауқымды реформалар халықтың сенімін оятып отырды. Бірақ ел алдындағы жауапкершіліктің жүгі ауыр. Сол себепті бірлестіктің тұғырнамасында көрсетілген 7 бірдей құндылық елге етене жақын екенін айтқан Елбасы, партияның заман талабына сай болу керектігін ескертті. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті:

- Тәуелсіздікті сақтау біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан Nur Otan партиясы тұрақтылық пен татулыққа, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясат жүргізуде. Әр азамат ұлтымыздың болашағы үшін жауапкершілікті өз мойынан алып, оны толы сезіне білген кезде жүзеге асады. Елдің ең ірі саяси партиясы ретінде Nur Otan осы бағытта атқарылар істердің алдыңғы шебінде болуы керек.

Елбасы партия төрағалығын табыстаймын дегенімен, оның саясат сахнасындағы салмағы әлі сақталады. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік ете береді. Ал Nur Otan партиясының құрылтайы қашан өтетіні әзірге белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде