Өңірлердегі Pfizer вакцинасын салдыру қарқыны
Еліміздің батыс өңіріндегі емханаларға Pfizer вакцинасы енді таратылып жатыр. Бірақ екпені алуға ол жақта оқушылар мен жүкті әйелдер құлшынып отырған жоқ. Мамандар мектептерде насихат жүргізіп, келіншектерге кеңес беруді учаскелік дәрігерлер өз мойнына алыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.11.2021
Ал Алматыда керсінше америкалық вакцинаға сұраныс күннен-күнге артып келеді. Тіпті оқушылар ата-анасының рұқсатынсыз өтініш айтып жатыр екен.
Ақтөбенің емханаларына Pfizer вакцинасы кешелі бері таратылып жатыр. Бірақ оны алуға сұраныс жоқ. Соңғы бір тәулік ішінде америкалық екпені 42 ақтөбелік салдырған. Олардың көпшілігі бала емізіп жүрген келіншектер. Қалған 24-і жасөспірім. Ал аудандарға осы вакцина енді жеткізіледі. Тасымалдауға көктайғақ кедергі келтірген.
Марина Есетова, №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары:
- Вакцинаны алу үшін алдын ала хабар беріп, келісім аламыз. Ондай келісім болса, салуға болады. Егер ата-аналар вакциналауға қатысқым келеді десе, онда рұқсат береміз. Бүгінгі таңда жасаған жоқпыз.
Атырауда да жүкті әйелдер мен 12 жастан асқан жасөсіпірімдерді Pfizer-мен егу енді басталып жатыр. Қазір бұл өңірде 60 адам аталмыш вакцинаны салдырған. Олардың отызы – оқушы. Мамандар мектеп аралап, ата-аналар мен жасөспірімдерге насихат жұмысын жүргіземіз деп отыр. Ал келіншектерге Pfizer-дің тиімділігін түсіндіруді учаскелік дәрігерлер мойнына алыпты.
Асхан Байдуәлиев, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Жасөсіпірімдер мен жүкті әйелдердің денсаулығына қатты алаңдаймыз. Өкінішке орай, биыл Атырау облысында кронавирустан аналар өлімі көптеп тіркелді. Осының алдын алу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын әлі де күшейтеміз. Ешкімді мәжбүрлемейміз. Бірақ әр ана өзінің және баласының саулығы үшін алаңдауы тиіс.
Алматыда тұрғындардың белсенділігі күрт артқан. Қалада Pfizer вакцинасын 529 жүкті әйел, екі мыңнан аса емізулі ана және алты мыңға жуық жеткіншек салдырып үлгерген. Әзірге америкалық препараттың кері әсері байқалмапты. Ақ халаттылар екпе алған балалалар ерекше бақылауда болатынын айтады. Тіпті ешкімнен рұқсат алмай өз еркімен егілуге келген жасөспірімдер де бар дейді медицина мамандары.
Нұрбол Жұмабеков, №7 емхана бас дәрігерінің орынбасары:
- 12-17 жас аралығы болғаннан кейін өздері вакцина салдыруға құқығы жоқ. Оған тек әке-шешесі немесе заңды тұлға келіп, соған рұқсат беру керек. Сол кезде ғана біз баланың денсаулығын қарап екпе жасай аламыз. Егер өзі келетін болса, екпе жасалынбайды. Бізде нақты алгоритм бар. Сол құжатпен жұмыс істеуіміз керек.
Қызылжарлық ата-аналардың көбі баласының вакцина алғанын құптайды. Pfizer препаратын Петропавлда 1098 адам салдырған. Олардың көбісі жеткіншектер. Ең қызығы, америкалық вакцинаны бұған дейін салдырған балалар екен.
Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Медициналық мекемелерге, денсаулық сақтау басқармасына балаларының «Пфайзер» вакцинасын алғаны туралы ақпаратты екпеге қатысты паспортқа жазып қою керектігін айтып тұрғындар хабарласып жатыр. Ол шетелге шыққанда осы «Пфайзерді» бұған дейін балаларына салдырған.
Дәрігерлер Pfizer-мен ревакциналауды сұрап келушілердің көбейгенін айтады. Бірақ америкалық препаратты салуға елімізде тек жеткіншектер мен жүкті әйелдерге, бала емізіп жүрген келіншектерге ғана салуға рұқсат. Тұрғындар Pfizer екпесін алғандарға шетелге шығуда жеңілдік болатынына сенімді. Ал ақылы алуға әзірге билік ешқандай шешім шығарған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!