Комиссия «Арселор Миттал Теміртау» басшылығына емес, шахтерларға шүйлігіп отыр
Абай шахтасындағы апат оқыс оқиға деп танылды. Яғни жарылысқа құрылғылардың ескіруі, жұмыс күшінің жетіспеуі және жерасты геобарлаудың нашар деңгейі себеп емес екен.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
24.11.2021
Апаттан кейін жұмыс істеген үкіметтік комиссия осындай шешімге келген. Олар өндірісте техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамағанын анықтапты. Осылайша комиссия «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшылығына емес, тек шахтадағы жауаптыларға шүйлігіп отыр.
Комиссия төрағасы Абай шахтасында болған апаттан сол кезде жер астында болған 64 кеншінің барлығы қырылып қалуы мүмкін еді дейді. Абырой болғанда метан концентрациясын анықтайтын құрылғы берген белгіден кейін диспетчер дер кезінде дабыл қағыпты. Содан шұғыл эвакуация басталған.
Алайда апат ошағына жақын жүрген сегіз кенші қашып үлгермеген. Тексеріс барысында тірі қалған екі кеншіні өзін құтару құрылғысын киген үшінші кенші құтқарғаны анықталыпты. Диспетчер мен ерлік жасаған кенші мемлекеттік марапатқа ұсынылған.
Ал арнайы комиссия қорытындысы бойынша апаттың болуы толығымен жұмыс берушінің кінәсі деп тапқан. Алайда комиссия шахтадағы тозығы жеткен техника мен жұмыс күшінің тапшылығын жылы жауып қойды.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Аталған апатқа шахтадағы жұмыскерлердің жетіспеуі, компания тарапынан геологиялық олқылықтарды анықтамау, құрылғылардың жаңартылмауы және өндірісте жаңа технологияларды енгізбеу апатқа себеп емес. Мұнда апаттың алдын алу, техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Тексеріс қорытындысы тергеу орындарына жолданды. Ары қарай кінәліліреді құзырлы органдар анықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!