Автогаз бағасы тағы қымбаттады
Маңғыстау облысында автогаз бағасы тағы қымбаттады. Осыдан екі апта бұрын 80 теңге болған сұйық отын қазір 85-90 теңгеден сатылып жатыр. Бағаның бұлай күн сайын құбылуына жүргізушілер наразы. Олар автогаздың қымбаттауынан такси бағасы өсіп, азық-түлік құны шарықтайды деп ашынып отыр. Ал жауаптылар болса газ бағасын ұстап тұруға қауқарсыз екендерін айтады.
Автор: Айман Нұрмағанбет
25.11.2021
Маңғыстау облысында автогаздың бір литрі 85 теңгеден сатылуда. Қаланың сырт жағындағы кейбір бекеттер 89-90 теңгеге бірақ көтерілген. Бағаның бұлай шарықтағанына бәрінен де көлік жүргізушілері наразы. Олар мұнай мен газдың үстінде отырып көлік отынын қымбаттату дұрыс емес дейді.
Ералы Мәмбетов, Маңғыстау облысының тұрғыны
- Маңғыстауда тұрып осындай бағамен газ сатып алған халыққа қиын болады. Маңғыстауда шығып жатқан газ арзан болу керек. Сол ойым. + Қиын, халыққа қиын.
Түгелбай Бөрібаев, Маңғыстау облысының тұрғыны
- Қалтамыздағы тиынымыз ауыспайды. Жерімізден шыққан газды халық дұрыс пайдалана алмайды тегін. Тегін емес жоба баға болады 50-60 содан асырмау керек деп ойлаймын. Халық көтерілетін шығар бүйте берсе қыса берсе.
Жүргізушілердің айтуынша кейбір бекеттерде газ тапсылған. Ал барлары тек талонмен таратып жатыр дейді. Алайда атқамінерлер өңірде газға тапшылығы жоқ деп шыр-пыр. Шенеуніктер бағаның қымбаттауы көгілдір отынның электрондық сауда арқылы сатылуына байланысты дейді. Қазір сұйытылған газдың 70 пайызы осы әдіс арқылы саудаланып жатыр екен. Қаңтарда автогаз 100 пайыз электронды сауда алаңына шығарылады. Сол кезде бағаны нарық реттейді.
Бердібек Қартбаев, Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы
- 1 қаңтардан бастап түгелдей өнім 100 пайыз электрондық сауда алаңы арқылы сатылатын болады. Соған байланысты алдағы уақытта баға саясаты ұсыныс пен сұраныстың арақатынасынан туындап, соған байланысты баға қалыптасатын болады. Нақты айтатын болсақ алдағы уақытта мына бағаны нарықтың өзі реттейтін болады. Басқа облыспен салыстырғанда біздің өңірде баға төмен.
Жалпы Маңғыстау облысы айына 18 мың тонна сұйытылған газ тұтынады. Оның 14,5 мың тоннасы Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу» зауытынан алынса, қалған 3,5 мың тоннасы Атыраудан жеткізіледі. Қазір автогаз Атыраудың өзінде 110 теңгеден сатылуда. Оны Маңғыстауға әкеліп арзанға сату мүмкін емес дейді алып-сатарлар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!