{metadescription}
Нұр-Сұлтан: Толассыз жауған қар қатынасты тұралатып тастады
Нұр-Сұлтан: Толассыз жауған қар қатынасты тұралатып тастады

Нұр-Сұлтан: Толассыз жауған қар қатынасты тұралатып тастады

Қарашадағы қар Елордадағы қатынасты тұралатып тастады. Қала ішіндегі қоғамдық көлік түгілі, ұшақтардың өзі сағаттап кешігіп, жолаушылар діттеген жеріне дер кезінде жете алған жоқ. Кешелі бері толассыз жауған қарды коммуналдық қызмет аршып үлгере алмай жатыр.  

Бала біткен мектепке бармай үйге қамалса, қалың қардың кесірінен жолдағы апаттар де еселеп артқан.

Елордаға көктем кеш келгенімен, қыс ерте түседі. Биыл да әдетінен жаңылмай қарашаның аяғы қарға ұласты. Кешелі бері қар толассыз жауып, лезде көшелерді басып қалған.

Синоптиктердің айтуынша, бір күнде бір айлық қардың мөлшері түсіпті, ұйытқытқан жел тағы бар. Ауа райының қолайсыздығынан ұшақтар да сағаттап кешігіп жатыр.

Ерғазы Жолдасов, Н.Назарбаев Халықаралық әуежайы басқарма төрағасының орынбасары:

- 10 рейс кешікті. Кешігіп келген рейстердің алтауы келіп, алтауын таңертең өзінің бағыты бойынша шығарып салдық. Осының бәрін тазалауға бізде бір тәулік бойы 21 техника қолданылуда.   

Алыс-жақынға бет алған ағайын қанаты кесілгендей болды. Ал таңнан тұрып қоғамдық көлікке мінгендердің жағдайы тіпті қиын. Бірі омбылап қарға батқан автобусты жабылып итерсе, енді бірі жаяулата тартқанды жөн көрді. Көпірмен шұбырған қала тұрғындарының көрінісі құдды бір керуенді елестетеді. Жеке көлігі барлардың да жағдайы мәз емес. Жетер жерге жеткенше сағаттап кешіктік дейді.

- Қар, боран, керемет!

- Әрине, ауа райы кинодағыдай әдемі болып тұр. Бірақ жүріп-тұруды қиындатып жіберді. Көшеде кептеліс. Барлығы да барар жеріне кешікпей барғысы келеді ғой.

Мұнда келем дегенше  екі сағат уақытым кетті. Жолды қар басып қалған, барлық жерде кептеліс. Қардың қалың жауғаны соншалық, тіпті таңертең көлігімді орнына қозғалта алмадым.  

Табиғаттың тосын мінезі қарапайым қала тұрғындарын ғана емес, шенділерді де жолынан қалдырыпты. Дегенмен жұмысқа кешігіп жеткен қаржы вице-министрі коммуналдық шаруашылық қызметкерлеріне түсіністікпен қараймын деп отыр.

Марат Сұлтанғалиев, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Біз де сіздер жүретін жолмен жүреміз ғой. Қар қалың түсіп жолды басып қалғандықтан, жұмысқа әдеттегіден 20 минутқа кешігіп келдім. Азаматтар коммуналдық мекемелердің жұмысына түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын. Егер техника бола тұра қарды тазаламаса, кінәлауға болады. Ал бұл табиғаттың тосын мінезі. Сондықтан жұмысқа кешіккіңіз келмесе, үйден ертерек шыққаныңыз абзал.

Алай-дүлей болған ақ түтекте кешелі бері 180-ге жуық жол апаты болып, бес адам зардап шеккен. Күннің құбылуы ересектерге ғана емес балаларға да әсер етті. Елорда  мектептерінде даярлық сыныбынан бастап жетінші сыныпқа дейінгі оқушылар онлайн оқуға жіберілді. Ал сәт сайын желіге жазба жариялап жұмысын көрсеткен әкімдік қызметкерлері ақ тер, көк тер болып қар тазалап жатыр.

Ләззат Стамғазиева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімідігі баспасөз қызметінің маманы:

- Қар тазалауға арнайы 2000 техника мен 1900 коммуналдық қызметкер жұмылдырылды. 1-қарашадан бүгінге дейін полигондарға КамАЗ-дармен 14 мың рет рейс жасалды. Сол кезде 150 мың текше метр қар шығарылды.

Синоптиктерді сөйлетсеңіз күннің құбылуы тек Нұр-Сұлтанда ғана емес, өзге аймақтарда да болуы ықтимал. Тіпті қыстың ызғарын алдағы демалыстарда оңтүстік өңірлер де сезінеді дейді.

Мақпал Ботаева, Ауа райын қысқа мерзімде болжау басқармасының жетекші инженері:

- Алдағы үш күнде, 25-27 қараша аралығында Қазақстан аумағында ауа райы тұрақсыз болады.  Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында түнгі уақытта 18-23 градус аязға дейін төмендейді.

Жауған қар қазір тоқтағанмен, Нұр-Сұлтанда әлі де кептеліс. Бір күнде жауған бір айлық қарды тазалап үлгере алмай жатыр. Қардың арты шыңылтыр аязға ұласады деп отыр ауа райын болжаушылар. Сондықтан қала тұрғындары құлақшынын қамдап отырғаны дұрыс.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде