«Бауыр»: Түрмеде қарызға кірген бауырын құтқара алды ма?
Түрмеде құмар ойын ойнап қарызға белшесінен батқан. Өмірі қыл үстінде тұрған ағасын құтқару үшін басын бәйгеге тіккен інісінің арпалысқа толы өмірі «Бауыр» атты криминал драмаға арқау болды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
25.11.2021
Картинада темір тордың ар жағы мен бостандықтағы күйбең тіршілік суреттелген. Шытырман оқиғаның немен аяқталатынын білгіңіз келсе, осы фильмді көріңіз.
Жақын арада көрерменге көгілдір экраннан жол тартады.
- Аға, картаның қарызын уақытында қойып бермесе не болады?
- Бауырыңнан айырыласың!
Түрмеде құмар ойыннан ұтылып басы бәлеге қалған ағасына ақша табу үшін інісінің шытырманға толы өмірі суреттеледі. Ұрлық жасап ештеңе шықпаған соң, есірткімен айналысуға мәжбүр болады. Ал қаскөйлердің образын сомдаған актерлерге киноның өзі де, түсіру барысы да ұнаған.
Мәди Әлімбеков, актер:
- 50 градус ыстықта Шу өңірінде терлеп-тепшіп, аузым кеуіп жатқан кезде мәтін оқу керек және образбен ойнау керек. Сол кезде қиналған қызықтар болған. Бір емес, 10-15 дубль болған.
Шынайы оқиғаға негізделген туынды небәрі 14 күнде түсірілген. Режиссерлік дебютін осы фильмнен бастаған Шыңғыс Әбдібек бауыры үшін жан алысып жанын қиюға даяр жігіттің өмірі мен қазіргі қоғамның шындығын түртіп өткенін айтады.
Шыңғыс Әбдібек, режиссер:
- Жақында ғана инстаграмнан көрсетті ғой, бір қызды қинап алып қашып кеткенін. Сол сияқты бізде әр сюжет мағыналы. Барлығы өмірде болып жатқан нәрсе. Ауылдағы өмірді, қоғамды, жастардың жұмыссыздығын көрсетуге тырыстым.
Інісі туған бауырын қылмыстық әлемнен құтқара ала ма? Ендеше атыс-шабыспен қатар өзіндік ой салар дүниесі де тасада қалмаған фильмді көруге асығыңыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!