Нұр-Сұлтанда үлескерлер өзі сатып алған үйде коммуникация жоқ – «Фемида»
Нұр-Сұлтанда үйлеріне кіре алмай жүрген үлескерлер әкімдіктің есігін бұзып кіруге ұмтылды. Далада қаңғып қалған бұқараның ашуы қатты. Өйткені жеті жылдан бері қаңырап бос тұрған үйді халықтың өздері салып, бітірген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
26.11.2021
Енді әкімдік оларға қолдарында тұрған жылу мен жарықты бермей отыр. Үлескерлер елорданың басшысы Алтай Көлгіновтен сыртқа шығуын талап етіп, тура әкімдік ішінде айқайға басты.
«Фемида» деп аталатын тұрғын үй кешеніжеті жылдан бері қаңырап бос тұр. Солуақыт ішінде уақтылы құрылысты аяқтамаған компания басшылығы бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шыққан.
Ал үлескерлер өз күшімен, 1 миллиард теңгеге жуық ақшасын салып, үйді салып бітірген. Тұрғындардың бар базынасы – 225 пәтерлі үйді жылу мен жарыққа қосылу.
Әкімдік үлескерлерді ұзақ жылдар бойы құрғақ уәдемен қатырып келген.
Уәдеге әбден тойса да, үлескерлер күнде мәселе шешілер деген үмітпен жүр. Бүгін табалдырығын әбден тоздырған Көлгінов басқаратын әкімдікке тағы келді. Қала басшысының шығуын талап етті.
Бақыт Күзембекова, үлескер:
- Қаншама қағаз жазылды. Бір қағазды қайта-қайта сұрай береді. Жоғары сотта да болдық, Бас прокуратурада болдық. Бармаған жеріміз қалған жоқ. Ешкім біздің сөзімізді сөйлемейді. Біз олардан ақша сұраған жоқпыз. Біз өзіміздің ақшамызбен бітірдік. Енді кіру керек. Қазір қыс болды. Далада аязды көріп тұрсыздар. Кіре алмай отырмыз.
Жеті жыл бұрын ақша салған үлескерлер үйдің құрылысын 90 пайызға бітіріп қойған. Әлі жөндейтін тұстары бар, бірақ оны халық өздері жасап алмақ. Бастысы – жарығы мен жылуы келсе, Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алуға ниетті. Қазір әрқайсысы қымбат пәтер жалдауға мәжбүр.
Нұргүл Қабдышева, үлескер:
- 6-7 жыл болды пәтерден пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Өте қиын. Баламыздың алды төменгі класта оқып еді мектепте, қазір студент, 9 бітіріп, колледжге түсті. Электр қуатына қоссын, жылу берсін деп талап етеміз. 3 Арманымыз – жаңа жылды өз үйімізде қарсы алу.
Улап-шулап қала әкімдігінде дау туғызған жұрт бір сағаттай шенеуніктерді күтті. Төзімдері таусылған соң ғимарат ішіне басып кірмек болды. Алайда кіреберісте тұрған тәртіп сақшыларынан әрі аса алмады. Уақыт өте шаһар басшысының көмекшісі ашулы халықтың ашуын баспақшы болды. Қолынан түк келмеді. Кейін үлескерлердің проблемасын бес саусағындай білетін қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы белсенді үлескердің біріне қоңырау шалып, үйіне қайтаруға тырысты.
Күші келмеген шенеунік кейін әкімдікте жиналған жұртқа орынбасарын жіберді. Қол астындағы қызметкерінен қайран болмаған соң, өзі жетіп келді. Елордалық ақжағалыны көре сала бас салды.
Әділдіктің символы – Фемиданың атымен аталатын тұрғын үй кешенінің үлескерлері ешқандай әділдік жоқ дейді. Өйткені үйдің жанындағы бизнес нысандар бой көтере салысымен жылу мен жарыққа қосылыпты. Мұны бірінші рет естігендей кейіп танытқан шенеуніктер әкімдіктегі жиналған жұртты далаға шығаруға, басқа ғимаратта орналасқан басқармада сөйлесуге тырысты. Тағы уәде берді.
Дәулет Досқұлов, Нұр-Сұлтан қаласы орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы:
- Біздің жоспар бойынша «Фемида» тұрғын үй кешені 28-қарашада коммуникацияға қосылуы тиіс.
Аязда баласын құшақтаған ана, ақжаулықты апалар мен еңгезердей жігіттер де әкімдік қызметкерінің айтылған сөзіне ақыры сенді. Яғни осы жексенбі күні көптен бергі арманы орындалады-мыс. Ортақ мәмілеге келу үшін басқарма басшысы бар жұртты ертіп өздері отыратын жылы ғимаратқа атбасын бұрды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!