Экономист: Биліктің экономиканы нығайту саясаты дұрыс емес
Теңге күн санап құнсызданып барады. Бір күнде төл ақшамыз бірден 2 жарым теңгеге арзандаған. Ақша айырбастау пунктерінде АҚШ валютасы 438 теңгеден асып кетті. Бұған шикізат нарығынан бастап әлемдегі саяси шиеленістер себеп деген экономистер енді коронавирустың жаңа штамы туралы ақпарат әсер етті деп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
29.11.2021
Арман Бейсембаев, экономист:
- Коронавирустың жаңа штамы туралы жаңалықтар әлемдік қаржы нарығына едәуір әсер етті. Содан кейін Еуропа елдері локдаун жариялай бастады. Кеселдің қайта кеулеуі де доллар бағамын өзгертті. Бұл сыртқы факторлар. Енді ішкі факторлар бар. Еліміздің экономикасы қазір қиын кезеңді бастап кешіп отыр. Түрлі саланың кері кеткені де жасырын емес. Биліктің экономиканы нығайту жолындағы саясаты дұрыс емес.
Экономистер теңге ары қарай құнын жоғалта береді деген болжам жасады. Азық -түлік, тұрмыстық тауарлардың құны доллардың өсуімен ілесе жүретінін ескерсек, тұрғындарды тағы қымбатшылық қыспаққа алмақ. Сондықтан сарапшылар үкімет шұғыл түрде шара қолданбаса, Қазақстанды кедейшілік жайлауы мүмкін екенін жасырмайды. Қара алтын нарығында да жағдай тұрақсыз. Осыған дейін арзандаған Брент маркалы мұнайдың бағасы бүгін бірден 4 жарым пайызға өсіп, баррелі 76 доллардан асып жығылды. Алайда бұдан да отандық экономикаға пайда жоқ. Ұлттық банк өкілдері теңгенің теңселуі қалыпты құбылыс деп отыр. Өйткені дамыған елдердің валютасы да қазір құбылып тұр дейді бас банктегілер.
Мұхтар Орман, ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаменті басқармасының бастығы:
- Қараша айынан бері дамыған мемлекеттердің валюта индексі 4,6 пайызға төмендеді. Доллар 2,1 пайызға нығайды. Мұнай нарығындағы жағдай енді ОПЕК+ кезекті отырысынан кейін белгілі болады. Сол жиында сарапшылар бағаны реттеу үшін тиісті шешім қабылдауы тиіс. Бұл өз кезегінде мұнайды экспорттайтын елдерге қолдау болар еді. Бүгін Каse қор биржасында 1 доллар 433 теңге 50 тиын деп бекітілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!