{metadescription}
Дәрігерлер: Ауыр халде жатқандардың барлығы – вакцина алмағандар
Дәрігерлер: Ауыр халде жатқандардың барлығы – вакцина алмағандар

Дәрігерлер: Ауыр халде жатқандардың барлығы – вакцина алмағандар

«Омикрон» жаңа штамның таралуына байланысты біздің дәрігерлер де қыс айларында уақытша саяхатты тоқтатып, жаңа жылды үйде қарсы алу керек деген кеңес беруде. Ел бойынша жағдай тұрақталып келеді.

Тек Солтүстік Қазақстан облысы ғана «қызыл» аймақта тұр. Соңғы тәулікте елде 795 адамнан коронавирус анықталған. Ауырып жатқандардың дені зейнет жасындағылар мен оқушылар екен. Дәрігерлер мұны тұрғындардың екпе алмауымен байланыстырады.

Бес айдан бері «қызыл» аймақта тұрған Павлодар облысы «сары» аймақ қатарына кірді. Бірақ өңірде әзірге карантин шаралары жеңілдетілмеген. Яғни той мен адам көп жиналатын салтанатты жиындарды өткізуге болмайды.  Дәрігерлер арқаны кеңге салып босаңсуға әлі ерте деп отыр. Себебі: коронавирус жұқтырған 50-ден аса адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Айдар Сейітқазинов, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Ауруханаға түскендердің көбісі дәрігерге уақытында қаралмай, өз бетімен емделгендер. Жағдайы мүшкіл болып бірден жансақтау бөліміне жіберіліп жатыр. Тұрғындарға денсаулыққа немқұрайлы қарамау керектігін айтқым келеді. Коронавирус ешкімді аямайды. Аурудың белгісі байқалса, бірден дәрігерге қаралу керек.

Ақтөбе облысында соңғы тәулікте 14 жағдай тіркелген. Ауру негізінен зейнеткерлер арасында белең алған. Әсіресе үлкендер жағы пневмониямен жиі ауырады, - дейді ақ халаттылар. Сондықтан барынша сақтанып, қоғамдық орындарда бетперде тағып жүру керектігін ескертеді.

Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Вирус анықталмаған пневмониямен 60-65 жас аралығында ең көп ауырып отыр. Барлығы 1140.  Одан кейін 50-59 жас аралығындағы адамдар – 768.  Үшінші орында 66 жастан жоғары адамдар ауырып отыр, 649 жағдай тіркелді. Оқушылар арасында барлығы 1001. Тәулік ішінде екі жағдай жаңа тіркелді.

Маңғыстау облысында оқушылар арасында да вирус жұқтыру дерегі көбейіп келеді. Өңірде 6 сынып карантинге жабылған. Вакцинация көрсеткіші әлі төмен. Мәселен, бір апта бұрын әкелінген «Пфайзер» вакцинасын 480 адам ғана салдырыпты. Дәрігерлер тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізсек те, оларда екпе алуға ынта жоқ деп отыр. Жауаптылар жағдай бұлай жалғаса берсе, жаңажылдық кештерді шектеп, қыста шетелге саяхатқа шығатындардың мәселесін қарастыруымыз мүмкін деп отыр. 

Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:

- Босаңсуға болмайды. Біздің миграциялық процестер тоқтаған жоқ. Бүгінгі таңда, өздеріңіз білесіздер, Оңтүстік Африкада жаңа «омикрон» – мутантталған «дельта» штамының түрі бөлінуде. Бізді алаңдататыны, тұрғындар көбі Мысырға көп қатынайды. Ол ел қазір транспорттық хаб. Сондықтан босаңсуға болмайды. Бізді ең бірінші қорғайтын – вакцина.   

Дәрігерлердің айтуынша, жасанды желдету аппаратына қосылып ауыр халде жатқандардың барлығы вакцина алмағандар деп отыр. Жалпы соңғы тәулікте елде 795 адамнан коронавирус анықталса, 827-сі аурудан айыққан. Тек Солтүстік Қазақстан облысы ғана «қызыл» аймақ тізімінде тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде