{metadescription}
Кентауда биыл берілген көпқабатты 10 үй жылу жүйесіне қосылмаған
Кентауда биыл берілген көпқабатты 10 үй жылу жүйесіне қосылмаған

Кентауда биыл берілген көпқабатты 10 үй жылу жүйесіне қосылмаған

Түркістан облысы Кентау қаласында жүздеген отбасы суық үйде тұрып жатыр. Пәтер кезегін жылдап күткен көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге биыл ғана берілген көпқабатты 10 үй жылу жүйесіне мүлдем қосылмаған. Себебі газбен жылынуы тиіс.

Бірақ 600 пәтерден тұратын үйлер түгілі, жалпы Кентауда газ атымен жоқ. Жұрт электр пешпен баспанасын жылыта алмай отыр. Ал шенеуніктер:  «Жылуы жоқ үйлерді жұрт үй сұрап шулаған соң лажсыз бердік» деп ақталады.

Кентаудың кіреберісіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындары бүрсеңдеп өмір сүріп жатыр. Барлығы электр жылытқыштармен күнелтіп отыр. Мысалы, көпбалалы Есентаевтар отбасы бір бөлмеде, қуықтай ғана бір бөлмеде  ұйықтайды, ас ішеді, сабаққа дайындалады. Электр пеші үздіксіз қосулы болған соң, алты баланың анасы Фарида амалсыз жұмыстан шығып үйде отыр.   

Фарида Есентаева, Кентау қаласының тұрғыны:

- Қараусыз қалдыруға қорқамын. Себебі, ол тоқсұққыш шығып кете береді. Еріп кетеді. Шамалы қызса, автомат өшіп қалады. Алты балаға бір пеш берді. Оны өздеріңіз көріп отырсыздар, азаннан кешке дейін өшірмеймін, қосулы тұрады. Кейде өзі автомат көтере алмай өшіп қалады. Әр бөлменің жеке-жеке автоматы бар. Енді оған қарап отырмай, өзіміз бір пеш сатып алып қостық. Есептегіш құралын қатты айналдырады.

Пәтер кезегінде жылдап тұрған әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға биыл ғана берілген көпқабатты 10 үйдің де жағдайы осы. Қаладағы жылу энергия орталығына қосылмаған. Себебі: көгілдір отынмен жылынуы керек. Бірақ Кентауда газ атымен болмаған. Шенеуніктер әуелде газды күзге дейін қосамыз десе, кейін қараша деп, енді мерзімді жаңа жылға дейін деп шегеріпті. Бірақ, тұрғындар газ жүргізіп жатқан жауапты мамандармен сөйлескенде олардың шенеуніктердің сөзін құптамағанын айтады.

Айсұлу Отжанова, Кентау қаласының тұрғыны:

- Бізде тұратындар сұрайды: «Не деп айтамыз, жылу келеді деп айтамыз ба,  келмейді деп айтамыз ба? Дегенде, ол кісі «50/50» деді. Жылу болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Нақты қазір сізге жауап бере алмаймын, жұмыс жүріп жатыр деді. Енді сонша ұзақ созылады деп ойлаған жоқпыз. Ертең қар жауса, білмеймін, бұл үйде қалай отыратынымызды.  

Шенеуніктер Кентауды газбен қамту жұмыстарының шынымен созылып кеткенін мойындайды. Біресе газ құбыры жарылды десе, біресе шақырымдап құбырлар мен саймандардың ұрланғанын айтады. Ал инфрақұрылымы толық дайын емес үйлерді тұрғындарға неліктен бердіңіздер деген сұраққа тұрғындардың өзін кінәләйді.

Қуаныш Ысқақов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

Біз бұл тұрғын үйлерді негізі биыл бермейміз деп шешкенбіз. Шешім қабылдағанбыз, солай таратпаймыз деп. Себебі, біріншіден – жылу жоқ, екіншіден – жанында кос тұр. Оған кезекте тұрған тұрғындар келіспей, наразылық білдіріп, әкімшілікке қайта-қайта келді. Сондықтан беру туралы талап қойған соң, талапты орындадық, біз мәжбүр болдық.

«Тұрғындарға пәтерлерді амалсыз бердік» деген шенеуніктер айта кетуі керек, газ қосылғанша жалдамалы пәтерлердің ақысын алмаймыз деп келісіпті. «Бұған да шүкір» деген тұрғындар тек жаңа жылға дейін газ беріліп қалар деп үміттенеді. Әйтпесе қазір нөлден жоғары температурада тоңдық деген кентаулық тұрғындар аяз ұрса, жаппай сырқаттанамыз деп үрейі ұшып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде