Ақша аударымынан кім ұтып, кім ұтылады?
«Тек қолма-қол ақш қабылдаймыз!» Мобильді аударымдарға қатысты заң талқыланғалы кейбір кәсіпкерлер осындай амалға көшті. Себебі: тапқан табысын ашық көрсетіп, табыс салығын төлеуге құлықсыз.
Автор: Елдос Есенбол
30.11.2021
Ал әлеуметтік желіде тіпті телефон төлеміне азаматтардан да ақы алады деген ақпарат тарап жатыр. Қаржы министрлігінің бастамасы кімдердің оң жамбасына келеді? Кім ұтып, кім ұтылады? Аударымдарға қатысты ақпараттың ақ-қарасын тілшіміз анықтады.
Онлайн аударымдарға салық салынуы мүмкін деген ақпарат шыққалы бері көпшіліктен маза кетті. Себебі, қазір қолма-қол ақша ұстайтын тұрғынды сирек кездестіресіз. Тіпті азаматтар күнделікті жолақыдан бастап, азық-түлікке де телефон арқылы төлеп үйренген.
Надира Тұрдиева, жеке кәсіпкер:
- 100 пайыздың 10 пайызы ғана қолма-қол ақшамен, 70 пайызы аудармамен. Қалғаны, 20 пайызы. Аударымға енді салық салынса, адамдар қолма-қол ақша алып келеді деп ойламаймын. Көбісі картамен төлейді. Сондықтан ешқандай айырмашылық жоқ, бәрібірсалық төлейміз.
«Табыс салығы туралы» заң тақымдатқандардың басым көпшілігі такси жүргізушілері. Темір тұлпарме несібесін тапқандар бұл өзгерісті жылы қабылдамады. «Тірнектеп жүріп жиғанымызды жырып кетпек» - дейді олар. Сондықтан заң күшіне енген күннен бастап, «қолма-қол ақшаға көшеміз» деп отыр. Әңгімелері: «Егер ақшаң болса жүр, болмаса қал» дегенге саяды.
Қуаныш Бөрібаев, такси жүргізушісі:
- Ақшамен кете береміз-ау. Тіпті қазір 100 теңге лақтырсаң, оның 30 теңгесін алып қалатын болса, не істейміз? Бензиннің бағасы қымбат, газ да қымбат. Одан өзіміздің 200 теңге, 500 теңгемізді таратыып... Қолма-қол қабылдайсың ғой, «менде Каспий картасы жоқ» дейсің, болды. Берсең, ақша бер, бермесең, бара бер.
Көлік айдап қызмет ететін ақтаулықтарға да бұл жаңалық ұнамаған. «Егер зейнетақым асып-тасып жатса, такси айдап нем бар?» - дейді.
Василий Гогатишвили, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Шыны керек, зейнетақым өзіме жетсе, көлік жүргізбей үйде отыра беретін едім. Бір зейнетақыны жеткізе алмайтын болған соң, осылай, арасында жолға шығамыз. Сондағысы күніне табатыным 2500-3000 теңге. Адамдардан ақшаны аударма арқылы жасау оңай. Енді адамдарға амал жоқ, ақшалай бер деп айтатын шығармыз.
«Кей азаматтардың бұлай шала бүлінуі пандемия уақытында салықтан босап, арқаны кеңге салғанынан» - дейді экономистер. Енді шынайы табысты көрсетіп, төлер уақыты келгенде жауаптан жалтарғысы келеді. Егер қараусыз аударым жалғаса берсе, бұл елдегі шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болуы мүмкін екен.
Сапарбай Жобаев, экономист:
- Бұл көлеңкелі экономиканың өсуіне әсер етіп жатыр. Салық төлеу – дүниежүзіндегі тәртіп. Азғантай, екі-ақ пайыз,үш-ақ пайыз төлейді. 100 мың алса 2 мың, 3 мың ғана төлейді. Үйретуіміз керек шығар, әдет-ғұрыптарымыз соған баруы керек.
Қаржы министрлігіндегілер бұл заңды шығармас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескеніне сенімді. Бизнес қауымдастықпен және банктермен бірнеше мәрте талқыланды деп отыр. Азаматтардың жеке шоты емес, кәсіпкерлік шоттарға түскен қаражат қана есептеледі. Сондықтан әлеуметтік желіде тараған ақпараттың бәріне бірдей сене бермеуге шақырады.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Такси жүргізушілерін алатын болсақ, олар патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады. Бұл режим табысы жылына 10 миллион 300 мың теңгеден аспайтын жағдайда қолданылады. Кассалық аппарат туралы айтатын болсақ, қазіргі уақытта бірнеше қосымша бар. Кәсіпкер онлайн кассаның мобилді түрін жүктеп алып, онлайн түрде пайдалана алады.
Аударымдарға қатысты заңа жаң жобасын Парламент мақұлдағанымен, президент әлі қол қоймады. Заң күшіне енген күннің өзінде де қабылданған мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2023 жылдың басына дейін табыс салығын төлеуден босатылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!