Эпидемиологтар: «Омикрон» штамы «дельтадан» да қауіпті
«Омикрон» штамы Алматыда коронавирустың бесінші толқынына түрткі болуы мүмкін. Ковид-19-дың жаңа түрі осыған дейін дүйім елді дүрліктірген «дельтадан» да қауіпті дейді эпидемиологтар.
Автор: Асқарбек Қазанғап
30.11.2021
Вирус жұқтыруға бірінші кезекте егде кісілер бейім деп келген қағиданы «омикронның» бұзатын түрі бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы түрленген ауру әсіресе 20-30 жас аралығындағы жастар мен балаларға, одан кейін короновирустың басқа да штамынан толық айықпаған ағзаға қауіпті деген пайымын айтты.
«Омикронның» белгілері: жүрек қағысының жиілеуі, бас ауруы, дене қызуының қатты көтерілуі.
Елімізде әзірге ішкі карантин шектеу шараларын қатаңдатуға қатысты шешім қабылданған жоқ. Санитарлар бәрі эпидемиологиялық ахуалға байланысты деген сырғытпа жауаппен шектелді. Дегенмен «омикрон» алда-жалда елге жетсе, инфекциялық стационарлар сақадай-сай дайын тұр дейді.
Әсел Қалықова, Алматы қаласы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Пандемия басталғаннан бері барлық инфекция стационарлары жеткілікті дәрежеде дайындықтан өтті. «Дельта» штамы анықталғанда да осылай алаңдаған. Дегенмен, стационарларда орын жеткілікті екенін, мамандарымыз дайын екенін қайталап айтқым келеді. Әзірге алаңдауға еш себеп жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!