Тәртіп сақшыларының киім формасы заманауи жаңартылды
Еліміздің әр жерінде жазасын өтеп жатқандар жол-патруль полицейлері мен учаскелік инспекторларды киіндіреді. 1-қаңтардан бастап тәртіп сақшылары жаңа, ыңғайлы және заманауи формада жұмыс істейді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
01.12.2021
Жанатхан Әбдіхалықов, жазасын өтеуші:
- Әр тігіс, тіпті жапсырма жолақтың өзі белгіленген миллиметрмен тігілуі керек. Қалай тіккеніміз, сапасы, бәрі тексеріледі. Сосын әртүрлі қалаларға жіберіледі. Бір сөзбен айтсақ, біз еліміздегі құзырлы органдардың барлығын киіндіреміз. Тігіп жатқан киім жыртылмайды деп ойлаймын, матасы да жақсы, қатты, созылады.
Жаңа форма тігуге сотталушылар кірісіп кеткен. Олар бір айдың көлемінде тапсырысты бітіруге тиіс. Өйткені жаңа жылдан бастап полиция қызметкерлері жаңа формаға көшеді.
Тігін фабрикасындағы жұмысқа жол-көлік оқиғасында кездейсоқ адам өлтіріп алғандар, ұрлыққа және алаяқтыққа барғандар тартылған. Олар мұнда арнайы күзетпен жеткізіледі. Жазасын өтеп жатқандар шеберханадағы бірде-бірі ұтымды сәтті пайдаланып қашып көрмепті. Ал полицейлердің жаңа киімі бұрынғысынан едәуір ерекшеленеді. Дизайнерлер ұсақ-түйек заттар көп қолданылған форманы қызметкерлерге ұзақ уақыт киетініне сенімді. Сондай-ақ әскери шендерге байланысты тігілетін формаларға қаракөл терісі енді аз пайдаланылады. Бірақ мамандар қай шенділердің тон, бөрік, жағалы пальто кимейтінін айтудан бас тартты.
Айжамал Қалдыгөзова, технолог:
- Мынаның бәрін жуатын кезде алып тастап, сосын қайта орнына қоюға болады. Иық белгілердің барлығы шешіледі. Жаңа формада өзгерген тек бір-ақ нәрсе бар. Кеңес кезінде полицейлердің киімдерінде қызыл жолақ болды. Қазір ол жоқ. Киімдерге көк-жасыл түстегі мата таңдалынды, ал жолақтар алтын, күміс түстес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!