Күйеуі жоғалып кеткен көпбалалы ана далада қалған – Алматы облысы
Алматы облысында тұрғылықты баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ көп балалы, жалғызбасты ана әкімдіктен көмек сұрайды. Кәмила Исмаилова тағдыр тауқыметіне күйеуі жоғалып кеткеннен кейін тап болған.
Автор: Салтанат Шырынхан
01.12.2021
Содан бері төрт ұл, бір қызды жалғыз асырап отырған келіншек жағдайының күн сайын нашарлап бара жатқанын айтады. Тіпті пәтерден-пәтерге көшіп күнелтіп жүрген ол бірнеше күн бұрын далада қалыпты. Себебі: үй ақысын төлеуге ай сайынғы балаларына берілетін жәрдемақы уақтылы түспеген.
Көпбалалы отбасының аядай ғана үйде тұрып жатқанына бір апта ғана болған. Оның өзінде баспанасы тастай суық. Балаларының мектепке барғанына да екі күн өтіпті. «Көшіп-қонудан мезі болдым» деген Камила, бұл пәтердің қожайыны да қашан қуып шығар екен деген қорқынышпен өмір сүріп жатқанын айтады. Өйткені кішкентайларына төленетін ай сайынғы жәрдемақы уақтылы түспейді екен.
Камила Исмаилова:
- Қазір мен қарап отырған сол бір жәрдемақы ғой. Жақын туысқандарым да жоқ, балаларды соған тапсырып жұмысқа шығатындай. Біреудің үйіне де тастап кете алмаймын. Үйді өртеп жібере ме деп қорқам. Төрт баланың әкесі 2015 жылы жоғалып кетті. Іздеуге бергенмін.
Осылайша Камиланың басындағы қиындығы күйеуі ұшты-күйлі кеткенде арта түскен. Жолдасы бар уақытта тұрмыс тауқыметінен дәл бұлай тарықпағанын айтады. Күйеуі алты жыл бұрын Ресейге анасына аттанып, қайтып оралмаған. Содан бері ресми түрде іздестіріліп жатыр екен. Ал соңғы күндері етегі жасқа толып, шиеттей бала-шағамен далада қалған шарасыз анаға қайырымды жандар көмектесіпті.
Камила Исмаилова:
- Бізге қазір керегі, тым құрығанда баспанадан қуып шықпаса деймін. Мына тұрып жатқан жерімізде де айына 70 мың төлеу керек. Жұлдыз ханым 65 мыңға түсіртіп берді. Суық, еден де тастай суық.
Камила мемлекеттен бес баласына 150 мың теңгеге жуық жәрдемақы алады. Ол пәтерге, тамаққа, дәрі-дәрмекке әрең жетеді. Қыстық киім де әпере алмай отырмын дейді. Бұдан бөлек, көшіп-қонып жүріп, кішкентайларының ауырып қалатыны тағы бар.
Камила Исмаилова:
- Әкімдікке барып көмек сұрадым. Пәтерге төлеп жүрмін ғой. Мүмкін төлемейтін бір бөлме берсе, ертең балаларым далада қалмайтындай сенімім болса деп барғанда, ешкім қабылдамады.
Көмек сұраған Камилаға жергілікті әкімдік мешітке жүгінуге жол сілтепті. Алайда әкімдік мұны жоққа шығарып отыр. Олар көпбалалы анаға көмектесуге әрдайым дайынбыз дейді. Сондай-ақ мерекеге орай азық-түлік апарып, келіншекке жұмыс тауып беруге уәде беріп отыр.
Асқар Мұқашев, Қаскелең қаласының әкімі:
- Биыл қазан айында кішкене электрондық базада өзгерістер болды. Соған байланысты жәрдемақы мерзімінен кешіктіріліп берілді. Беріледі. Үзілмейді ол атаулы әлеуметтік көмек. Іздеп, табуға көмектесе аламыз. Тәуелсіздік күніне орай дайындап отырмыз. Тізімін бір 100 адамға деп, азық-түлік қоржынымен көмектесеміз.
Үлкен егізі 11-де, кішісі 1 жастан енді асқан бес баланың төртеуі мектепке барады. Тұрақты баспананы арман еткен келіншек өзге қарызынан да құтылғысы келеді. Өйткені бір ай бұрын балалары жол апатына түсіп, денсаулықтарын дұрыстауға көп шығын кетіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!