Кентауда жүздеген отбасы нәжіс иісіне тұншығып отыр
Кентау қаласында жүздеген отбасы нәжіс иісіне тұншығып отыр. Жергілікті билік қаланың кіреберісіндегі кәріз суы құйылатын аймаққа жағдайы төмен отбасыларға арнап көпқабатты үй салып берген.
Автор: Бек Әбиев
01.12.2021
Тіпті жекеменшік үйлердің құрылысына рұқсатты да оңды-солды беріпті. Тұратындар енді қолқа қабатын иіске тұншығып отыр.
Құдайберген Ордабаев, Кентау қаласының тұрғыны:
- Иісі бар жерге жайылды. Әсіресе жел тұрса. Жазда отыра алмайсың, маса. Бұл жақта әнеу күні келгенде өліп қала жаздадық, кемпірім қашып кетті. Әй, ертең мынадан жұрт ауру болады, ірің шығады, бәле шығады. Әсіресе жас балалар осы жерде ойнап жүр.
Сасықкөлдің іргесінде берілген көпқабатты үйдің тұрғындары терезені қысы- жазы ашпайды. Себебі, әуелі жағымсыз иіске тұншықса, екіншіден маса-шыбыны шыдатпайды екен. Ал бұл көлдің маңынан бір жарым шақырым жерге баспана тұрғызуға болмайтынын шенеуніктердің өзі де айтады. «Санитарлық нормаларға байланысты рұқсат жоқ» деген атқамінерлер өз сөзіне қарсы шығады. Себебі, кәріз суы мен мұндағы жер үйлер түгілі, көпқабатты үйлердің арасы таяқ тастам ғана жер. Сасықкөл іргесіне үй салуға рұқсатты неліктен бергенін түсіндіре алмаған кентаулық басшылар енді 60 жылдан астам жиналған нәжісті бірер жылда басқа жерге ауыстырамыз деп уәде беріп жатыр.
Қуаныш Ысқақов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:
- Жоба-смета құжаттама әзірленіп болғаннан кейін сараптамаға кіреді. Келесі жылы дайын болса, біз бұны жойып, ары қарай белгіленген орнына ауыстыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жерден, мен шатаспасам 15 шақырым алыс жерге.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!