Жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілер айыппұл төлеп жатыр
Бүгіннен бастап жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілер айыппұл арқалайды. Тозығы шыққан дөңгелегін ауыстырмай көктайғақта сырғанап жүргендер шетінен жазаланады. Тіпті барлық маусымға жарамды деген дөңгелектермен жүруге де тыйым салынған. Ережені елемегендер 15 мың теңге төлеуі тиіс.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
01.12.2021
Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарының жол полицейлері жауапсыз жүргізушілерді тексеруге бүгіннен кірісіп те кетті.
Солтүстік өңірде қарашаның қара суығы қарға ұласып, желтоқсанға жетпей ақ көлік жүргізушілерін сынап үлгерді.Талай жол апатына да себепші болған – төрт дөңгелек. Көктайғақ басталғалы қауіпсіздігіне бейжай қарамайтындар жаппай ауыстыруға кірісті.
«Әлі күнге дейін жазғы дөңгелегімен жүргендер көп», - дейді жол полицейлері. Қазір дөңгелек ауыстыру бекеттерінде кезек күткендер байқалмайды. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ» деп, машинасының техникалық жағдайын жасап жүргендер бар екен.
Тілеулес Темірбаев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Бүгінге дейін барлық маусымға арналған дөңгелек болған жоқ та. Бүгін бүртабанын салғызып жатырмын. Бізде ауа райы құбылмалы ғой. Қала сыртына шығамыз, жол жүреміз. Ол әр жерде әр түрлі. Ауа райына байланысты ауыстырамыз. Ең бастысы, өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін.
Бүгіннен бастап көкшетаулық жол полицейлері де рейдке шықты. Олар жүргізушілерді тоқтатып құжаттарын ғана емес, дөңгелектерін де тексеруге кірісті. Ереже бойынша қыстың бірінші күнінен бастап кез келген техника қысқа әзір болуы тиіс.
Қуанышбек Әбенов, Ақмола облысы ПД аға инспекторы:
- Қазір жол үстіндегі жағдай алаңдатарлық. Ауа райы құбылып тұрғандықтан, тұман, көктайғақ болуы ықтимал. Сондықтан жолға шығатын жүргізушілерге жазғы дөңгелекті міндетті түрде ауыстыру талап етіледі.
Қысы қаһарлы Семейде де полиция қызметкерлері көліктердің қыстық дөңгелектерін жаппай тексеруге көшті. Негізінен жүргізушілер ауыстырып үлгерген. Олар да ақ қар, көк мұзда жаздық шинамен жүру өте қауіпті екенін айтады. Дегенмен тәртіп сақшылары салғырттыққа жол беретін жүргізушілер жетерлік дейді. Айтуларынша, қыс пен жазды тең көретіндердің басым бөлігі – жастар. Енді жүгенсіз кеткендерді тезге салу үшін оларды жазалауға ниетті.
Дулат Әбдікәрімов, Семей қаласы ПБ жол-патруль полициясының инспекторы:
- Кеден одағының техникалық регламенті бойынша қыстық дөңгелек тақпаған жүргізушілер ӘК 590-бабына сәйкес жазаланады – бес айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Ала жаздай бір дөңгелекпен жүріп, қыс түскенде өзге де көлік құралдарына қауіп төндіретін жүргізушілерге енді 15 мың теңге айппұл салынады. Техникалық регламентте тіпті барлық маусымға жарамды деген дөңгелектер де жарамайды. Тіпті бүрі бар дегеннің өзі кедір-бұдыры 4 мм-ге жетпесе, тозған болып саналады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!