Алматыда шағын көшені ақылы жолға айналдырып жіберген
«90-жылдардағы бассыздыққа қайта оралдық». Алматыда бір топ жеке кәсіпкер осылай дабыл қақты. Олардың айтуынша, әлдекімдер қаладағы ең ірі көлік саймандарын сататын базар маңындағы шағын көшені бір айдан бері ақылы жолға айналдырып жіберген.
Автор: Мақсат Мәлік
02.12.2021
Шырылдаған кәсіпкерлер белгісіз топқа әрекеттерінің заңсыз екенін айтқанымен, олар қыңбайтын көрінеді. «Соның кесірінен клиентеріміз қашып жатыр» деген шағымданушылар жергілікті билік өкілдерінен бір шара қолдануды сұрайды.
«Кар Сити» базары жанындағы тар көшені әлдекімдердің табыс көзіне айналдырғанына бір айдан асыпты. Қызғыл сары күртеше кигендер көлік иесінің бәрінен ақша талап етіп жүр. Ал ашулы кәсіпкерлер 10 жылдан астам уақыт емін-еркін жүрген қоғамдық жолдың аяқ астынан ақылы болғанына аң-таң. Тіпті оңай олжаны көздеген белгісіз топ кәсіпкерлердің өзінен ақша алуға көшіпті.
Медеу Абайбеков, жеке кәсіпкер:
- Осы жаққа кіріп көлігін жөндеп кетуге немесе бізге жұмыс орнымызға кіру үшін осындай қойып жатыр. Осы жерде жұмыс істейтін біздің өзімізден 100 теңгеден, келетін клиенттерден 200 теңгеден. Барып сөйлесейік десек, сөйлеспейді. Байланысқа шықпайды. Енді соны түсінбей отырмыз, не істерімізді білмейміз.
Базар маңындағы шағын көшенің тұйықталатын тұсында сандаған техникалық жөндеу орталығы бар. Ол жерде 100-ден аса жеке кәсіпкер көлігін жөндетушілерге түрлі қызмет көрсетеді. Алайда көшенің ақылы жолға айналуы қиындықты үдетіп жіберді дейді наразы жұрт. Өйткені соңғы кезде клиенттер тарапынан шағым көбейіпті.
Самат Байболов, жеке кәсіпкер:
- Бұл жерде автотұрақ орны жоқ. Тек жол ғана. Бұл жерден ақша алып жатқан адамның бізге қатысы да жоқ. Клиенттеріміз арыз түсіруде. Сендерге кіріп-шыққаның өзіне 200 теңге төлейміз деп. Ал бір клиент айтады, тамақ ішуге келгенмін, не үшін төлеймін деп.
Базар әкімшілігінің өкілдері бұл келеңсіздікке «қатысымыз жоқ» деп отыр. Себебі, дауға айналған жол базар аумағына енбейді екен. Ал кіреберіс жол бойында ақша жинап тұрғандарға жақындағанымызда біреуі бет-жүзін көрсетпей тұра қашты. Оның серіктесі де сылтауратып тайып тұрды.
- Соған қатысты қашаннан бері, заңды ма, соны тұрғындар білейікші дейді. Қазір бастығымды шақырып келейін.
Алайда орындығын тастап қашқандар сол күйі оралмады. Әрекетіміз заңды деп құжатын ұсынған ешкімді көрмедік. Енді бас-басына би болып оңай олжаны көздегендердің ізіне әкімдіктегілер шам алып түспек.
Зәкіржан Алтынқожаев, Әуезов ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы:
- Төл би - Яссауи қиылысында орналасқан «Кар Сити» сауда орны маңайында автотұраққа заңзсыз ақша жинау мәселесіне байланысты қазір аудан аппаратының мамандармен және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп тексеру жүргізілуде. Тексеру аяқталғаннан кейін заңдылықтарға сәйкес тиісті шара қабылданады.
Шенеуніктер заңсыз ақша жинағандармен күресті күшейтіп, барлығын бақылауда ұстаймыз деп сендіреді. Бірақ шырылдаған кәсіпкерлер заңсыздықтың мұнымен тоқтайтынына күдікпен қарайды. Себебі, жақында белгісіз топтың заңсыз әрекетін бетіне басқандарды соққыға жығып кеткен көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!