Күн сайын өскен бағаны ұстау қиындап барады – Үкімет шешімі
Бағаны ұстаудың тағы бір амалы – шектеу. Үкімет ірі қара малдың етін – алты айға, картоп және сәбіз өнімдерін үш айға шет елге сатуға тыйым салды. Өйтпесе күн сайын көтерілген бағаны ұстап тұру қиындап барады.
Автор: Елдос Есенбол
02.12.2021
Бірақ бұған еселеп кеткен шығынның бір бөлігін экспортпен жабатын шаруалар қарсы. Құр шектеумен шаруаның шешілмейтініне олар сенімді. Сонымен шенеуніктердің бұл жолғы амалы бағаға қалай әсер етпек? Сарапшылардың пікірін тыңдасақ.
Ақмола облысындағы шаруа қожалығының ашылғанына көп уақыт болмапты. Нарықта жұмыс істеп келе жатқанына 6 жылдың көлемі. Ұжым мал төлдегеннен бастап дайын ет болып сөрелерге жеткенше толық айналысады. Өздері баптап, өздері пайдаға асырады. Сондықтан мал баққанның қиындығын жақсы біледі. Мемлекеттің ірі қараны экспорттауға тыйым салғаны шаруаларға ауыр соққы болады деп отыр. Себебі, үкімет беретін субсидия бірде бар, бірде жоқ.
Айдар Нығметов, компания басшысы:
- Бір бұзауды баптап өсіруге екі жыл уақытың кетеді. Жем-шөбін, суын бересің. Биылғы қуаңшылықты білесіздер. Мал шаруашылығымен айналысатындар біраз шығындалды. Өйткені жердің гектары екі есе қымбаттады, жанармай бағасы еселеп өсті. Мал шаруашылығында шығынсыз пайда көруге кемі 14 жыл керек. Осы шығынның бір бөлігін ақтау үшін малды шетелге сататын едік. Жылына 300-350 бастың 100 басын экспорттап жүрдік.
«Шектеу шаралары фермерлердің аяғына тұсау» дегенмен сарапшылар да келіседі. Түсім азайса, біразы басқа салаға ауысып кетуі де әбден мүмкін. Ал бұл өз кезегінде мал өсіруді тежейді. Егер олай болса, халық шетелден келген етті тұтынуға мәжбүр болады дейді мамандар. Ал кәсіпкерлердің баққан малын шекара асыруының себебі – біздегі өндірістің әлсіздігі екен.
Кирилл Павлов, сарапшы:
- Бізде сиыр сойсақ, тек етін ғана тұтынамыз. Ары кетсе, өкпе-бауырын тамақ қыламыз. Ал шетелде терісін, ішек-қарынын, тіпті мүйізін де кәдеге жаратады. Сондықтан олар әр мал басы үшін бізден көбірек төлейді. Айырмашылық өте жоғары. Мал өсірушілер мемлекет беретін субсидиядан гөрі, осылай шетелге шығарса әлдеқайда көбірек пайда көреді.
Өңделген етті былай қойғанда, базардағы ет құны да тұрақсыз. Қызылсырап онда бара қалсаңыз, сөрелерден баға жазылған тақтайшаны көрмейсіз. Өйткені күн сайын құбылады дейді тұтынушылар.
Ербол Нұрболов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Сиыр етінің бағасы 2500 мыңнан, сүйексіз. Сүйекпен 2200-ден. 2100 еді, қымбаттап жатыр. Күн сайын қымбаттап жатыр.Біз енді жұмыс істеп жатырмыз, не істейміз? Зейнеткерлерге обал болды.
Бағаның құбылғаны саудагерлерге де қол емес. Өйткені өздері алып, сатады. Олар: «Көрген пайдамыз тиын-тебен», - деп жылап қоя берді.
Маржан Есенеева, саудагер:
- Ет бүгін қымбат келді. Ет ала алмадық. 100 теңгеге қымбат келді. Сүйегі шығады, қаншама шығын. Сонда бізге елу теңгеге ғана айналады.
Ірі қара малмен қатар картоп пен сәбізді де шетке шығаруға тыйым салынады. Десе де дүкен сөрелеріндегі көкөніс бағасы тұрақты. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер көздегеніміз де осы еді деп отыр. Бірақ бір қызығы, ет бағасының өсуіне қатысты кімге қаншадан сату керектігін нұсқай алмаймыз деп ақталды. Алға тартатыны – өндіріс әлсіздігі.
Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Қазір ішкі нарықта ірі қара және ұсақ мал етіне бағаның өсуі байқалады. Ет өңдеу фермаларының жүктемесі де елу пайызға төмен деңгейде қалып отырғанын ескеру керек. Ағымдағы жылдың он айында 170 мың тонна ет өндірген. Бұл ет өндіру кәсібінің 18 пайызын ғана құрап отыр.
Ірі қара малды шекарадан шығаруға 6 айға тыйым салынса, картоп және сәбізге бұл шектеу – үш ай. Шенеуніктер баға тұрақталса, шектеуді мерзімінен бұрын алып тастауға дайын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!