Дүлей дауылдан жапа шеккендерге 365 миллион бөлінді – Жамбыл облысы
Жамбыл облысының шенеуніктері желден келген шығын көлемін енді есептеп болды. Өткен дауылда жапа шеккендер, дүние-мүлкі бүлінгендерге қазынадан 365 миллион теңге төленеді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
02.12.2021
Бұл сомаға қатты қираған 121 нысан жөнделеді. Екі күндік дауылдан 1200-ден аса ғимаратқа зақым келсе, оның 1085-і демеушілер көмегімен қалпына келтірілген. Бірақ жомарт жандардың жұмсаған қаражат көлемі ашық айтылмады. Белгілісі, кәсіпкерлер аз бүлінген нысандарды ғана бүтіндеуге ат салысқан. Ал күшті желден қираған ғимараттардың басым бөлігі облыс орталығында орналасқан.
Таразда суыра соққан желдің екпіні секундына 38 метрге дейін жеткен. Қираған үйлердің арасында тұруға жарамсыз баспаналар да бар.
17-18 қарашада дүлей желден электр сымдары үзіліп, 50 мыңнан аса түтін жарықсыз қалды. 51 адам жарақат алып ауруханаға түссе, 17 жастағы азамат шатырдан құлап мерт болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!