Атырау облысында ЖРВИ жұқтырғандар артып барады
Атырау облысында дәрігерлер халықты Pfizer вакцинасынан бөлек, тұмауға қарсы екпені алуға үгіттеп жатыр. Өйткені өңірде жедел респираторлы вирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып барады. Әсіресе маусым індетіне кішкентайлар көптеп шалдығып жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан, Тәуірбек Бозекенов, Айман Нұрмағанбет
02.12.2021
Ал Маңғыстау облысында америкалық Pfizer вакцинасына деген сұраныс төмендеп кетіпті. Небәрі 800-ге жуық балалар мен жүкті әйелдер ғана иммунизациядан өткен.
Атырау облысында балалар арасында қауіпті вирус емес, кәдімгі тұмау өршіп тұр. Мектеп оқушылары арасында кенеттен дене қызуы көтеріліп, тамағы қарылып жатқандар жетерлік. Қазір облыс білім басқармасы мұғалімдерге балалардың жай-күйін сәт сайын сұрап отыруды қатаң түрде тапсырған. Тіпті ата-аналарына да коронавируске қарсы вакцинадан бөлек, тұмаудан қорғайтын екпе алу қажеттігін ескертуде. Алайда екпені алу-алмау мәселесін оқушылар емес, ата-аналардың өзі шешеді.
Айнагүл Дүйсекенов, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Көптеген ата-аналар балаларының өмірі үшін осы екпені де алып жатыр. Осындай тұмау немесе басқа да ауруға шалдыққан балаларды сынып жетекшісі қадағалайды. Мектепте осындай жағдай анықталса, оқушылардың ата-анасына ескертіледі. Баланың қызуын көтеріліп тұрғанын немесе баланың ауырғаны жөнінде хабар беріп, үйде емделуді ұсынып отырмыз.
Қазір Маңғыстау облысында да жедел жәрдем шақырып шағымданатындардың көбі тұмауды жұқтырғандар. Ал соңғы тәулікте КВИ бес адамнан ғана анықталыпты. Ауру айылын жия бастаса да, жаппай мерекелік шыршаға тыйым салынады. Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары салтанатты шарадан қағылуы мүмкін. Мұнайлы өлке екпе алу жағынан артта қалып отыр. «Пфайзерді» жалпы 798 тұрғын салдырған. Оның 480-і – 18 жасқа дейінгі балалар, 281-і 0 бала емізетін аналар, 87-сі – екіқабат келіншектер.
Айгүл Баянбердиева, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Бір күнде жедел жәрдемге 785 шақыру түскен. Оның ішінде КВИ анықтамасы тіркелген жоқ. Пневмониямен 11 рет шақыру болған. ЖРВИ анықтамасы бойынша 163 шақырылды. Алғашқы медициналық көмек көрсету мекемелерінің деңгейінде 60 КВИ ошағы тіркеліп медициналық ем қабылдауда, яғни бақылауда отыр.
СOVID-19-ға қатысты соңғы тәуліктегі статистика көңіл көншітеді. Дерт жұқтырғандар саны бір күнде 753 жағдайға дейін азайған. Алайда қауіпті кесел тағы 13 отандасымыздың өмірін жалмады.
Елде ауруханада емделіп жатқан 504 науқастың жағдайы ауыр. Оның 64-сі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Қауіптің «қызыл» деңгейінде Солтүстік Қазақстан облысы ғана қалды. «Сары» жолақта Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары бар. Қалған екі қала мен тоғыз өңірде ахуал тұрақталып, эпидкартада «жасыл» түске боялған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!