Кальян темекісін контрабандамен өткізген азамат сотталды
Алматыда 185 тонна кальянға арналған темекіні алып өткен азамат сотталды. Ол қорқорға арналған шөпті Кеден декларациясында мақта-мата тауары ретінде рәсімдеп алып өтпек болған.
Автор: Салтанат Шырынхан
03.12.2021
Ражаповтың әккі әрекеті қаржы мониторингі агенттігі қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларын жүргізгенде әшкере болды. Ол 620 миллион теңгеге бағаланған кальянның темекісін контрабанда жолымен Түркиядан алдырған. Сөйтіп темекі өніміне салынатын қыруар салықтан жалтару үшін тауарды Еуразиялық экономикалық одақтың аумағына құжатта мақта-мата заттары деп көрсетіп алып өткен. Жоспары іске аспаған кәсіпкер енді бір жарым жылға абақтыға қамалып, қорқордың 185 тонна шөбі мемлекетке өткізілді.
Мырзахан Жақсылық, Алматы қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі:
- Алматы қаласы аумағына заңсыз жолмен, яғни контрабандамен кальян темекісін алып өтпек болған Э.Ражаповқа қатысты қылмыстық істің тергеуін аяқтаған болатын. Бұл азамат 185 тоннадан аса кальян темекісін заңсыз жолмен алып келіп, кедендік заңнаманы бұзған. Қазір сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!